Сурет: gov.kz (архив)
Қазақстанда зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегін айқындаудың жаңа әдістемесін бекіту туралы Үкімет қаулысы күшіне енді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Қаулыға сәйкес, ең төменгі жеткіліктілік шегі тиісті жас санаттары үшін өткен жылғы көрсеткіштен төмен болмауға тиіс. Ол болжамды инфляция деңгейінен бес пайыздық тармаққа жоғары қарқынмен индекстеледі.
Зейнетақы жинақтарынан алуға болатын қаражат көлемі азаяды, себебі зейнетақы шотында сақталуға тиіс ең төменгі сома ұлғайтылып отыр. Дегенмен тұрғын үй жағдайларын жақсарту және емделу ақысын төлеу үшін зейнетақы жинақтарын пайдалану тетіктері сақталады.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жаңа әдістеме күшіне енген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде 2026 жылға арналған жаңартылған жеткіліктілік шектерін жариялауы керек.

