Сурет: Қорғаныс министрлігі
Әлеуметтік желіде әскери қызметшілердің қазасына қатысты деп тараған видеоның Маңғыстаудағы қайғылы оқиғаға еш қатысы жоқ екені анықталды. Кадрда қаза тапқан адамның денесін көлікпен тасымалдап бара жатқан сәт бейнеленген, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығымен бірлесіп жүргізілген тексеру барысында бұл видеоның алғаш рет 2026 жылғы 19 тамызда TikTok платформасында жарияланғаны белгілі болды.
«Видеоны @abenov__01 қолданушысы жүктеген. Кейін бастапқы жазба өшірілгенімен, видео 9 қыркүйекте @bauka.kz091 аккаунтында қайта жарияланған. Осылайша, кадрлар Маңғыстауда қыркүйек айында болған қайғылы оқиғаға дейін желіде жарияланған. Сонымен қатар аккаунтты талдау барысында видеода мемлекеттік тіркеу нөмірі 676AVN13 болатын Toyota Alphard көлігі түсірілгені анықталды. Қолда бар мәлімет бойынша, көлік Түркістан облысында тіркелген. Сондықтан видеоны аталған оқиғаға қатысты деп көрсетуге негіз жоқ», делінген орталық хабарламасында.
Қайғылы оқиғадан кейін ескі видео әлеуметтік желілерде жаңа контекстпен тараған.
Айта кетейік, Каспий теңізіндегі 14 әскери қызметшінің өмірін қиған қайғылы оқиғадан кейін Мемлекет басшысы Қорғаныс министрі Дәурен Қосановты қызметінен босатып, бұл лауазымға Айдос Мырзахметовті тағайындады.
Президент Жарлығымен әскери борышын атқару кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін оқу-жаттығу жиыны кезінде қаза тапқан және зардап шеккен әскери қызметшілер мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы оқиғаға қатысты әлеуметтік желіде жалған бейнероликтер көптеп тарағанын хабарлап, шындыққа сай келмейтін ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.
