Сурет: Қорғаныс министрлігі
Саясаттанушы Әділ Сейфуллин жаңа Қорғаныс министрінің тағайындалуы туралы пікірін Telegram-дағы парақшасында жариялады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Сарапшы бұл кадрлық шешімді бұған дейінгі тағайындаулармен сабақтастырып, Мемлекеттік күзет қызметі офицерлерін күрделі мемлекеттік бағыттарға басшылыққа жіберу тәжірибесіне тоқталды.
«Ең күрделі проблемалық бағыттарға Мемлекеттік күзет қызметінің офицерлерін тағайындау қалыптасқан тәжірибеге айналып келеді. Мемлекет басшысы мен елдің жоғары лауазымды тұлғалары өз өмірін сеніп тапсырған адамдар өздерінің біліктілігін іс жүзінде бірнеше рет дәлелдеді. Қаңтардан кейін Ермек Сағымбаев Ұлттық қауіпсіздік комитетін «тәртіпке келтіруге» кірісті. Бес жылға жуық уақыт өткен соң, жабық әрі рулық сипаттағы арнайы қызмет болған құрылым озық әрі толыққанды құқықтық арнайы органға айналды деп сеніммен айтуға болады», деп жазды саясаттанушы.
Ол әр кадрлық шешімнің өз логикасы болатынын атап өтті.
«Одан кейін Шыңғыс Әрінов келді. Төтенше жағдайлар министрлігіндегі ұзақ жылдарға созылған тоқырау мен құлдыраудан кейін ведомство «қайта көтеріліп», заманауи әрі жедел жұмыс істейтін органға айналды. Онда қызмет ету қайтадан мәртебе санала бастады. Қазір ол Алматы облысына жіберілді. Мұнда Alatau City сияқты ауқымды жобаны дамыту міндеті тұр», деді Әділ Сейфуллин.
Саясаттанушы жаңа Қорғаныс министрінің тағайындалуын Президенттің кадр саясатындағы меритократия қағидатымен ұштастырды.
«Ал бүгінгі таңда мінсіз беделге ие офицердің Қорғаныс министрі қызметіне тағайындалуы Президенттің меритократия қағидатына бейілділігін тағы да көрсетеді: Құзыреттілік + Патриотизм = Нәтиже», деп қорытындылады Әділ Сейфуллин.
Айта кетейік, Каспий теңізіндегі 14 әскери қызметшінің өмірін қиған қайғылы оқиғадан кейін Мемлекет басшысы Қорғаныс министрі Дәурен Қосановты қызметінен босатып, бұл лауазымға Айдос Мырзахметовті тағайындады.
Сондай-ақ Президент Жарлығымен әскери борышын атқару кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін оқу-жаттығу жиыны кезінде қаза тапқан және зардап шеккен әскери қызметшілер мемлекеттік наградалармен марапатталды.
