Басты тақырып

Каспийдегі қайғылы оқиғаға қатысты видео Мароккода түсірілген

Сурет: Видеодан алынған кадр

Каспий теңізіндегі қайғылы оқиғадан кейін әлеуметтік желіде тараған, теңіз жағасында отырған әйел бейнеленген видео Қазақстанға қатысы жоқ болып шықты. Желі қолданушылары оны қаза тапқан сарбаздардың анасы деп болжаған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Видео авторының айтуынша, ролик Марокконың Танжер қаласында түсірілген, ал кадрдағы әйел Алжирден келген қыз.

«Видео Мароккода, Танжер қаласында түсірілді. Кадрдағы әйел – Алжирден келген қыз. Видеомның Қазақстан аудиториясына қалай тарап кеткенін өзім де білмеймін. Қазақстандағы жаңалықтардан хабарсыз едім, ол жақта ешқашан болған емеспін. Сарбаздарыңызға қатысты жағдайға қатты қайғырып көңіл айтамын», деді видео авторы.

Айта кетейік, Каспий теңізіндегі 14 әскери қызметшінің өмірін қиған қайғылы оқиғадан кейін Мемлекет басшысы Қорғаныс министрі Дәурен Қосановты қызметінен босатып, бұл лауазымға Айдос Мырзахметовті тағайындады.

Сондай-ақ Президент Жарлығымен әскери борышын атқару кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін оқу-жаттығу жиыны кезінде қаза тапқан және зардап шеккен әскери қызметшілер мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы оқиғаға қатысты әлеуметтік желіде жалған бейнероликтер көптеп тарағанын хабарлап, шындыққа сай келмейтін ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.

Көп оқылғандар