Қаржы

«Дала дәмі» жәрмеңкелерінде 3,5 мың тонна отандық өнім сатылды

Сурет: ашық дереккөз

Қазақстанның барлық өңірінде демалыс күндері өткен «Дала дәмі» ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде 3,5 мың тоннаға жуық отандық өнім сатылымға шығарылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бұл өткен аптадағы көрсеткіштен екі есеге жуық көп. Алдыңғы жәрмеңкелерде 2 мың тоннадан астам өнім өткізілген болатын.

Жәрмеңкелер Сауда және интеграция министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылуда. Оның басты ерекшелігі – тұтынушылар өнімді делдалсыз, тікелей шаруалардан сатып ала алады. Осының арқасында тауар бағасы нарықтағы орташа деңгейден 20%-ға дейін төмен.

Астанада Абай, Маңғыстау және Алматы облыстарының шаруалары өз өнімдерін ұсынды. Алматыда жәрмеңке бір мезетте төрт алаңда өтіп, онда шамамен 600 тонна ауыл шаруашылығы өнімі сатылымға қойылған. Шымкенттегі ірі жәрмеңкелердің біріне шаруалар 500 тоннадан астам өнім жеткізді.

Жәрмеңкелерде ет өнімдеріне сұраныс жоғары. Сауда сөрелерінде сиыр еті, жылқы еті, қой еті және құс етін кездестіруге болады.

Мәселен, Қарағанды облысындағы жәрмеңкеге 52 тонна сиыр еті жеткізілген. Астанада Абай облысының шаруаларынан сиыр және жылқы етін килограмын 3500 теңгеден сатып алуға болады. Қостанайда сиыр етінің келісі 3200–3500 теңге аралығында болса, жылқы және қой еті 3000 теңгеден сатылуда.

Жәрмеңкенің тағы бір артықшылығы – фермерлерге сауда орындары тегін ұсынылады. Мұнда негізінен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары саудаға шығарылады.

Биыл қыркүйек айынан бастап еліміздің барлық өңіріндегі ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері бірыңғай «Дала дәмі» атауымен өткізіле бастады. Жоба бүгінде өңір тұрғындары үшін демалыс күндері азық-түлік сатып алатын қалыпты орындардың біріне айналып келеді.

Ақтаулық тұрғын Сабит Сапаргүл жәрмеңкеге жиі келетінін атап өтті.

«Жәрмеңке біз үшін тиімді сауда орнына айналды. Демалыс күндері осында келіп, азық-түлік аламыз, себебі бағасы төменірек. Бір жолы 5–10 мың теңге үнемдеудің өзі отбасы бюджеті үшін айтарлықтай. Ал барлық сатып алушылардың үнемдейтін қаражатын есептесек, қомақты сома шығады», деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Астанада қолжетімді бағада азық-түлікті қайдан алуға болатынын хабарлаған едік.

Көп оқылғандар