Қоғам

1 қыркүйекте алматылықтарға жеке көліктен бас тарту ұсынылды

Сурет: Depositphotos.com

Алматы тұрғындарына 1 қыркүйекте жеке көліктерін үйде қалдырып, қоғамдық көлікті пайдалану ұсынылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде айтылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Алматы қаласы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаевтың айтуынша, оқу жылы басталғанда қаладағы көлік қозғалысы дәстүрлі түрде қарқынды болады. Себебі жолға бір уақытта мектеп оқушыларының ата-аналары, студенттер және жазғы демалыстан кейін жұмысқа қайтқан тұрғындар шығады. Сонымен қатар, жол жөндеу жұмыстары да қозғалысқа қосымша салмақ түсіреді.

Күздің алғашқы күндерінде білім беру ұйымдарының маңында полиция кезекшілігі күшейтіледі. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және жол қозғалысын реттеу үшін шамамен 700 қызметкер мен 130-дан астам патрульдік экипаж жұмылдырылады.

«Жалпы білім беретін мектептерге өз аумағын, оқу орындарына кіреберіс жолдар мен жаяу жүргіншілер бағыттарын жақсы білетін полиция қызметкерлері бекітілген. Көлік қозғалысы ең тығыз учаскелерде инспекторлар қолмен реттеуге көшеді. Бұл балалардың жолдан қауіпсіз өтуіне және көлік ағынының күрделі кептеліске ұласпауына мүмкіндік береді», деді Тимур Ноғайбаев.

Ата-аналардың көліктерін тоқтау және тұраққа қою ережелерін бұза отырып қалдыруына да ерекше назар аударылады. Жаяу жүргіншілер өткелінің жанына қойылған көлік балаға жолды көруге кедергі келтіруі, ал жүргізушіге жаяу жүргіншінің өзін байқатпай қалуы мүмкін. Ата-аналардан көлікті екінші қатарға қоймау және мектеп кіреберістерінде кептеліс туғызбау сұралды.

Электрлі самокат, велосипед және басқа да жеке мобильділік құралдарына қатысты бақылау да күшейтіледі. Әсіресе таңертең және кешкі уақытта білім беру ұйымдарының маңына ерекше назар аударылады.

Полицияның бағалауынша, 1 қыркүйекте әрбір бесінші отбасы жеке көлікпен жүруден бас тартса, Алматы көшелеріне бір мезетте мыңдаған көлік шықпайды. Бұл таңертеңгі уақытта қала көшелеріндегі көлік жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.

Еске салайық, 8 мыңнан астам мектепте 4,1 млн оқушы білім алып жүр. Биыл 380 мың бала бірінші сыныпқа қабылданады. 11-сыныпқа 227 мың оқушы көшті. Өткен оқу жылында 230 мыңнан астам оқушы мектеп бітірді.

Айта кетейік, Қазақстанда мектеп оқушыларының боянуына тікелей тыйым салынбаған. Алайда мектептің өз жарғысы немесе ішкі тәртіп ережесінде оқушылардың макияжбен келуіне шектеу қойылуы мүмкін.

Көп оқылғандар