Басты тақырып

Маңғыстаудағы қайғылы оқиға: жалған ақпарат таратқандар жауапқа тартылуы мүмкін

Сурет: Қорғаныс министрлігі

Маңғыстауда әскери қызметшілердің қаза болуына қатысты әлеуметтік желілерде жалған ақпарат пен оқиғаға қатысы жоқ бейнематериалдар таралып жатыр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығының мәліметінше, кейбір әлеуметтік желі қолданушылары бұрын түсірілген видеоларды қайғылы оқиғаға қатысты материал ретінде ұсынып, жасанды интеллект көмегімен жасалған контент пен расталмаған болжамдарды таратып жатыр. Әсіресе, жақында құрылған анонимді аккаунттардың белсенділігі байқалған.

Орталық тараған бірқатар ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін атап өтті. Соның ішінде қаза болған әскери қызметшілердің нақты саны жасырылып отыр деген мәлімет жалған екендігін хабарлады. Іздестіру-құтқару жұмыстары аяқталғаннан кейін олардың саны 14 адам екені нақтыланды.

Сондай-ақ әскери қызметшілердің тікұшақтан десантталғаны туралы ақпарат расталмады. Тергеу деректеріне сәйкес, әскери қызметшілер катермен тапсырма орындаған. Оқу-жаттығуды ұйымдастыру мен қауіпсіздік талаптарының сақталуына қатысты мән-жайлар тергеу барысында анықталып жатыр.

Бұдан бөлек, қаза болған әскери қызметшілердің денесін тасымалдау ретінде тараған видеоның тамыз айында, яғни қайғылы оқиғаға дейін түсірілгені анықталды. Ал Каспий теңізінің жағалауында түсірілген деген тағы бір бейне шын мәнінде Марокконың Танжер қаласында түсірілгені белгілі болды.

Орталық мемлекеттің оқиғаға қатысты тергеу жүргізіп жатқанына да назар аударды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкіметтік комиссия құрылып, қызметке салғырт қарау және кеме жүргізу қағидаларын бұзу фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды. Сонымен қатар Қорғаныс министрлігіндегі жағдайды кешенді тексеру жөніндегі жеке комиссия жұмыс істеп жатыр.

Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салды. Қылмыстық кодекстің 274-бабына сәйкес, онлайн-платформалар арқылы мұндай ақпаратты таратқаны үшін үш жылға дейін, ал ауыр зардаптарға әкеп соққан жағдайда бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.

Бұған дейін Президент Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметшінің қаза болуына байланысты министрлік қызметін кешенді тексеру жөніндегі комиссия құруды тапсырған болатын.

Комиссияға жеті күн ішінде жүргізілген жұмыстың алғашқы нәтижелері туралы Президентке баяндау тапсырылды. Бүгін Мемлекет басшысы Қорғаныс министрі Дәурен Қосановты қызметінен босатып, бұл лауазымға Айдос Мырзахметовті тағайындады.

Сондай-ақ Президент Жарлығымен әскери борышын атқару кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін оқу-жаттығу жиыны кезінде қаза тапқан және зардап шеккен әскери қызметшілер мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Көп оқылғандар