Сурет: Мемлекеттік кірістер комитеті
Астана әуежайындағы кеден бекетінің қызметкерлері Қазақстанға 223 iPhone 18 смартфоны мен 10 жұп сымсыз AirPods құлаққабын заңсыз әкелу әрекетінің жолын кесті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті мәлімдеді. Жолаушылар мобильді құрылғыларды багажында алып келіп, кедендік декларация тапсырмай, «жасыл дәліз» арқылы өтпек болған.
Комитеттің мәліметінше, бір жағдайда жолаушы багажында бірден 50 смартфон алып келген. Бұл жеке тұлғаның кедендік төлем төлемей және декларациясыз жеке пайдалануға арналған тауар ретінде алып өтуіне рұқсат етілген мөлшерден әлдеқайда көп.
Анықталған фактілер бойынша, төрт адамның жеке кәсіпкер мәртебесі болған, тағы төрт адам смартфондарды жеке кәсіпкер ретінде тіркелместен әкелген.
Комитет азаматтарға тауарларды кеден шекарасы арқылы өткізген кезде заңнамада белгіленген жеке пайдалануға арналған тауарларға қойылатын талаптарды ескеруді ескертті.
Қолданыстағы тәртіп бойынша бір адам жеке пайдалануы үшін екі смартфоннан артық алып өте алмайды. Белгіленген мөлшерден асатын мобильді құрылғылар міндетті түрде кедендік декларациялауға және тиісті рәсімдеуден өткізуге жатады.
Анықталған iPhone смартфондары уақытша сақтау қоймасына орналастырылды.
Заң талаптарын бұзып, смартфондарды декларациясыз алып өтпек болған тұлғаларға әкімшілік жауапкершілік шаралары қолданылуы мүмкін.
