Қаржы

Ұлттық банк атынан хабарласқан алаяқтар 9 млн теңгені жымқырды

Сурет: istockphoto.com

Қазақстанда өздерін Ұлттық банк қызметкерлері ретінде таныстырған алаяқтар азаматтардың ақшасын иемдену фактілері жиілеп кетті. Соңғы бір жарым айда ел бойынша осындай 39 оқиға тіркелген, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бас прокуратураның мәліметінше, 17 қыркүйекте Ұлытау облысының полициясы Жезқазған тұрғынының ақшасын иемдену фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған. Қаскөйлер ер адамға оның дербес деректері алаяқтардың қолына түскенін, сол арқылы шоттарындағы қаражатты ұрлауға әрекет жасалып жатқанын айтқан.

Оларға сенген азамат алаяқтардың нұсқауымен депозиттеріндегі барлық ақшаны шешіп алып, «қауіпсіздендіру» үшін үшінші тұлғалардың шоттарына аударған. Нәтижесінде келтірілген залал 9 млн теңгені құраған. Қазіргі уақытта осы факті бойынша тергеу жалғасып жатыр.

«Бас прокуратура азаматтарды қырағы болуға шақырады. Ұлттық банктің және өзге де мемлекеттік органдардың қызметкерлері телефон арқылы азаматтардан несие рәсімдеуді, мүлкін сатуды немесе ақшасын үшінші тұлғаларға аударуды талап етпейді», делінген прокуратура хабарламасында.

Еске сала кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде Қаржы министрлігінің атынан лицензия алып береміз деп азаматтарды алдаған алаяқтар туралы ақпарат тарады. Министрлік қаржы нарығындағы брокерлік, дилерлік, инвестициялық және басқа да кәсіби қызмет түрлерін лицензиялаумен айналыспайтынын хабарлады.

Көп оқылғандар