Сурет: АШМ
Қазақстанда егін жинау науқаны жалғасуда. Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар егілген алқаптардың 81,5%-ы жиналды, орташа өнімділік гектарына 14,6 центнерді құрады, 18,6 млн тонна астық бастырылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Биылғы жалпы егіс алқабы 24,2 млн гектарға жетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 600 мың гектарға артық. Оның 15,6 млн гектарына дәнді дақылдар, 5,2 млн гектарына майлы дақылдар, 3 млн гектарына мал азықтық дақылдар егілді. Мақта 173,6 мың гектарға, қант қызылшасы 23,8 мың гектарға орналастырылды.
Қазіргі уақытта дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 12,7 млн гектардан жиналды.
Егін жинау барысында өнім көлемімен қатар оның сапасы да маңызды.
Жаңа өнімнің 4,9 млн тоннасы лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына өткізілді, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 20%-ға көп. Былтыр осы уақытта 4,1 млн тонна астық қабылданған болатын.
Қабылданған астықтың 74%-ы — 3-сыныпты астық. 4-сыныпты астықтың үлесі — 20%, 5-сыныпты астық — 6%.
Бидайдың клейковина мөлшері де жоғары. Зерттелген жұмсақ бидайдың 48%-ында клейковина мөлшері 28%-дан асты. Үлгілердің 25%-ында бұл көрсеткіш 25–27%, ал 27%-ында 23–24% болды.
Майлы дақылдарды жинау да қарқынды. Қазір 2,2 млн гектар алқап жиналып, 2,2 млн тонна майлы дақыл өнімі алынды.
Басқа ауыл шаруашылығы дақылдарын жинау жұмыстары да жалғасуда. Қазірдің өзінде 2,9 млн тонна көкөніс, 2,5 млн тонна картоп және 2,3 млн тонна бақша дақылдары жиналды.
Егін жинау науқанына өңірлерде 130 мың трактор, 29 мың астық жинайтын комбайн, 17 мың жатка және өзге де 130 мың ауыл шаруашылығы техникасы қатысып жатыр.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету жұмыстары да жалғасуда.
2026 жылға 2,3 млн тонна тыңайтқыш енгізу жоспарланған. Әкімдіктердің жедел мәліметіне сәйкес, қазірдің өзінде 2,1 млн тонна тыңайтқышты жөнелту жөнінде келісімшарт жасалды. Бұл жоспардың 90%-ына тең.
Ауыл шаруашылығы министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, егін жинау қарқынын, жаңа өнімнің сапасын және шаруалардың қажетті техника мен материалдық ресурстарға қолжетімділігін бақылауды жалғастырып жатыр.
