Басты тақырып

Маңғыстаудағы оқу-жаттығуда қаза тапқан сарбаздар мемлекеттік наградалармен марапатталды

Сурет: Ақорда

Мемлекет басшысының Жарлығымен әскери борышын атқару үстінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Маңғыстау облысындағы оқу-жаттығу жиыны кезінде қаза тапқан әскери қызметшілер Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапатталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бауыржан Момышұлы атындағы ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен Мұхтарұлы Олжас – 29011 әскери бөлімі взводының командирі марапатталды.

Рахымжан Қошқарбаев атындағы ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен: Аяпберген Сержан Талғатұлы – 29011 әскери бөлімі бөлімшесінің командирі; Бегей Дастан Нұрболұлы – 29011 әскери бөлімінің аға матросы (аға атқышы); Бердіханов Мейрамбек Ермұханұлы – 29011 әскери бөлімі бөлімшесінің командирі; Гилаж Ақжайық Болатбекұлы – 29011 әскери бөлімінің матросы (граната атқышы); Ғұмаров Мансұр Айтбайұлы – 29011 әскери бөлімі бөлімшесінің командирі; Диханбаев Олжас Тәжібайұлы – 29011 әскери бөлімі бөлімшесінің командирі; Жаңабай Әсет Саматұлы – 29011 әскери бөлімінің маманы (көздеушісі); Көбенов Алмас Жүсіпұлы – 29011 әскери бөлімінің матросы (граната атқышы); Мәдіхан Азамат Болатбекұлы – 29011 әскери бөлімінің матросы (граната атқыштың көмекшісі); Өмірзақ Өмірбек Өмірболатұлы – 29011 әскери бөлімінің матросы (граната атқышы); Темірғалиев Жеңіс Тілеуішұлы – 29011 әскери бөлімінің матросы (оқшашар атқыштың көмекшісі); Төлеген Ақылбек Қабденұлы – 29011 әскери бөлімінің аға матросы (аға атқышы); Тұрдыбекұлы Мирас – 29011 әскери бөлімінің матросы (атқышы).

24 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік міндетті орындау кезінде ауа райы күрт нашарлап, желдің күшеюінен әскери қызметшілерді теңізге алып кеткен. Үкіметтік комиссия нақтылаған мәлімет бойынша, теңізге 17 әскери қызметші кеткен. Олардың үшеуі құтқарылды.

Іздеу-құтқару жұмыстарына 252 әскери қызметші, 34 бірлік арнайы жерүсті техникасы, 37 әскери сүңгуір, 14 кеме мен катер жұмылдырылды. Сондай-ақ жұмысқа 4 тікұшақты қоса алғанда, 20-дан астам әуе кемесі тартылды.

Қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты 25 қыркүйекті Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Көп оқылғандар