Сурет: Қорғаныс министрлігі
Мемлекет басшысының Жарлығымен Каспийдегі қайғылы оқиға кезінде ерлік пен жанқиярлық танытқан бір топ әскери қызметші «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жарлыққа сәйкес 29011 әскери бөлімінің матростары Қуандық Бекет Бақтыбекұлы мен Темірхан Ақжол Тимурұлы, сондай-ақ әскери бөлімнің маманы, санитариялық нұсқаушысы Удалов Никита Александрович «Ерлігі үшін» медалімен наградталды.
24 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік міндетті орындау барысында ауа райы күрт нашарлап, желдің күшеюінен әскери қызметшілерді теңізге алып кеткен. Үкіметтік комиссия нақтылаған мәлімет бойынша, теңізге 17 әскери қызметші кеткен. Олардың үшеуі құтқарылды.
Іздеу-құтқару жұмыстарына 252 әскери қызметші, 34 бірлік арнайы жерүсті техникасы, 37 әскери сүңгуір, 14 кеме мен катер жұмылдырылды. Сондай-ақ жұмысқа 4 тікұшақты қоса алғанда, 20-дан астам әуе кемесі тартылды.
Қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты 25 қыркүйекті Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Бүгін Мемлекет басшысы Қорғаныс министрі Дәурен Қосановты қызметінен босатып, бұл лауазымға Айдос Мырзахметовті тағайындады.
Сондай-ақ Президент Жарлығымен әскери борышын атқару кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін оқу-жаттығу жиыны кезінде қаза тапқан әскери қызметшілер мемлекеттік наградалармен марапатталды.
