Сурет: ашық дереккөз
Қазақстанның 10 өңірінде ұйымдасқан қылмыстық топтардың әрекетін тоқтатуға арналған арнайы операция кезінде 29 адам ұсталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
ҰҚК Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, прокуратура органдарының үйлестіруімен елдің 10 өңірінде бір мезгілде арнайы операция жүргізді. Іс-шара ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысы бар адамдардың заңсыз әрекеттерін, шекара маңындағы қылмыстық схемаларды, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесі нысандарындағы заң бұзушылықтарды анықтауға және жолын кесуге бағытталған.
Ауыр және аса ауыр қылмыс жасады деген күдікпен 29 адам ұсталып, полиция бөлімдеріне жеткізілді. Олардың тоғызы уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Арнайы операция барысында заңсыз айналымнан 25 дана қару, екі граната және 236 дана оқ-дәрі тәркіленді.
Аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Ведомствоның хабарлауынша, Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.
Бұған дейін есірткі қылмысы бойынша 69 жасөспірім ұсталғанын хабарлаған едік.
