Шартарап

Ұлытауда «Ұлытау үні» фестивалі басталды

Сурет: Egemen Qazaqstan

Ұлытау өңірінде Халық шығармашылығының XXXIV республикалық дәстүрлі «Ұлытау үні» фестивалі ашылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Мәдени шараға еліміздің түкпір-түкпірінен өнерпаздар, өнер майталмандары, шығармашылық ұжымдар мен қонақтар қатысты.

Ашылу салтанатында Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен құттықтау сөз сөйлеп, ұлттық өнерді сақтау мен дамытудың, дәстүр сабақтастығын жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.

Үш күнге жоспарланған фестиваль барысында дәстүрлі ән, жыр, терме, айтыс, эстрада және аспаптық өнер бағыттары қамтылады. Сондай-ақ жас таланттар мен тәжірибелі өнерпаздарды біріктіретін түрлі байқау ұйымдастырылды.

Фестиваль үш күн бойы Ұлытау облысының өнер және мәдениет нысандарында жалғасады. Бүгін сағат 11:00-ден бастап Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында композитор, өнертанушы Илья Жақановтың 90 жылдығына арналған дәстүрлі ән байқауы өтіп жатыр. Жезқазған қаласындағы «Шабыт» балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығында Әлихан Бөкейхановтың 160 жылдығына арналған мультиаспапшылар байқауы ұйымдастырылды.

Ертең қазақтың жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған жыршылар байқауы басталады.

Қыркүйектің 26 күні айтыс өнерінің жанашыры, көрнекті қаламгер, ақын және қоғам қайраткері Жүрсін Ерманның 75 жылдығына арналған екі айналымнан тұратын ақындар айтысы өтеді.

Фестиваль соңында үздік шыққандар марапатталып, Гала-концертке ұласады.

Айта кетейік, Семейде қала күніне орай бір апта бойы ұйымдастырылған жиырмадан астам мәдени, спорттық және қоғамдық іс-шарада қаланың тарихы дәріптеліп, ұлттық дәстүр жаңғырып, еңбек адамдары ұлықталды.

Көп оқылғандар