Сурет: ашық дереккөз
Астанада жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның қазасына байланысты қылмыстық іс бойынша сот тергеуі қайта басталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Сот отырысында сотталушы Сәуле Жұбаниязова соңғы сөзін айтуы керек еді. Бірақ отырыс басталғанда оның қорғаушылары сот тергеуін қайта жүргізу туралы өтініш берді.
Қорғау тарапы істің құрылыс салушы мен басқа да тұлғаларға қатысты бөлігіне назар аударуды сұрады. Адвокаттың айтуынша, құрылыс салушы мен өзге адамдарға қатысты қылмыстық істі тоқтату туралы бұрынғы қаулының күші жойылған. Сондықтан үйді пайдалануға қабылдау процесіне қатысқан барлық адамның әрекетіне құқықтық баға берілуі тиіс.
Бұл мәселені нақтылау үшін судья Меруерт Абаева үзіліс жариялап, қажетті құжаттарды Астананың мамандандырылған ауданаралық тергеу сотынан сұратты. Құжат сотқа ұсынылған соң сот тергеуін қайта жалғастыру туралы шешім қабылданды.
Осылайша, бұған дейін аяқталуға жақын қалған сот процесі қайта жалғасты. Бұрын Сәуле Жұбаниязова өз кінәсін мойындамайтынын айтқан, ал оның адвокаттары соттан ақтау үкімін шығаруды сұраған.
Іс бойынша жәбірленушілер сотталушыдан материалдық және моральдық шығынды өтеуді талап еткен. Азаматтық талаптардың жалпы сомасы 45 млн теңгеден асады. Сәуле Жұбаниязова бұл талаптарды да мойындамаған.
Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот процесі 18 тамызда Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта басталған. Істі судья Меруерт Абаева қарап жатыр.
Процеске мемлекеттік айыптаушылар Нұрдаулет Абуов пен Саяжан Серикова, марқұмның анасы Салима Омарова және жұбайы Әділет Зейнел қатысып жатыр. Сотталушы – қайғылы оқиға болған үйдің МИБ төрайымы Сәуле Жұбаниязова.
Іс Қылмыстық кодекстің 254-бабы («Міндеттеріне жосықсыз қарау») бойынша қаралып жатыр.
Сот отырыстары барысында марқұмның жұбайы, анасы, зардап шеккендер мен үй тұрғындары куәлік берді. Сондай-ақ сотта үйдің қасбеті опырылған сәт түсірілген бейнежазба көрсетіліп, техникалық сараптама қорытындылары зерттелді.
Сарапшылар мен мамандар ғимараттың қасбетінде апатқа дейін ақау белгілері болғанын айтқан. Ал сотталушы Сәуле Жұбаниязова үйді басқаруға кіріскен кезде тұрғындар тарапынан ғимаратқа қатысты шағым болмағанын айтып, өз кінәсін жоққа шығарған.
Оқиға 2025 жылғы 8 қарашада Астанадағы Тәуелсіздік даңғылы, 24Б мекенжайындағы тоғыз қабатты үйдің маңында болған. Ғимараттың сыртқы кірпіш қаптамасы құлап, бес адам зардап шекті. Олардың барлығы ауруханаға жеткізілген.
Зардап шеккендердің бірі – 23 жастағы жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан. Туыстарының айтуынша, ол оқиға орнына келген соң зардап шеккендерге көмектесуге ұмтылған. Сол кезде оның үстіне кірпіш қаптама мен кондиционердің бекітпесі құлаған.
Ұлдана ауыр жарақат алып, 18 қарашада ауруханада қайтыс болды.
Қазір сот тергеуінің қайта жалғасуына байланысты іске қатысты қосымша материалдар зерттелмек. Осыдан кейін тараптар өз ұстанымдарын білдіріп, сот шешімі шығарылады.
