Сурет: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметовті қабылдады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында Президент елдің қорғаныс қабілетін нығайту, Қарулы Күштердің жауынгерлік дайындығын арттыру және әскери басқару жүйесін жетілдіру жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Мемлекет басшысы әскери қызмет қауіпсіздігіне айрықша назар аударды. Оның айтуынша, әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау барлық деңгейдегі қолбасшылық үшін басты басымдық болуға тиіс.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіби даярлық сапасын көтеру, әскери инфрақұрылымды дамыту, қару-жарақ пен техниканы жаңғырту, заманауи технологиялар мен цифрлық шешімдерді енгізу жөнінде міндеттер жүктеді.
Президент сарбаздардың бойында жауапкершілік, тәртіп, Отанға адалдық қасиеттерін қалыптастыруға баса мән беріп, әскердегі тәрбие жұмысын күшейту қажеттігін атап өтті. Бұдан бөлек, әскери қызметшілер мен олардың отбасын әлеуметтік тұрғыдан қолдау мәселелеріне айрықша көңіл бөлінді.
Айта кетейік, бұған дейін Президент Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметшінің қаза болуына байланысты министрлік қызметін кешенді тексеру жөніндегі комиссия құруды тапсырған болатын.
Комиссияға жеті күн ішінде жүргізілген жұмыстың алғашқы нәтижелері туралы Президентке баяндау тапсырылды. Бүгін Мемлекет басшысы Қорғаныс министрі Дәурен Қосановты қызметінен босатып, бұл лауазымға Айдос Мырзахметовті тағайындады.
Сондай-ақ Президент Жарлығымен әскери борышын атқару кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін оқу-жаттығу жиыны кезінде қаза тапқан және зардап шеккен әскери қызметшілер мемлекеттік наградалармен марапатталды.
