Сурет: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлік қозғалыс гуманитарлық ықпалдастықтың ажырамас бөлігіне айналуы тиіс деп есептейді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Президент «Таза Қазақстан» жобасының тәжірибесін аймақтық деңгейде қолдануға болатынын айтты. Ол келесі жылы «Орталық Азия – ізгі істер мекені» ұранымен волонтерлік мәселелеріне арналған жастар форумын өткізуді ұсынды. Сондай-ақ ішкі туризмді дамыту арқылы халықтардың араласуына, елдердің тарихы мен мәдениетін танытуға жол ашуға болатынын атап өтті. Ол Орталық Азия мен Әзербайжандағы мәдени, ғылыми, спорттық және туристік іс-шаралардың бірыңғай күнтізбесін жасауды ұсынды. Бұл барыс-келісті арттырып, бірлескен турлар аясында шетелдік туристерді көптеп тартуға мүмкіндік береді. «Жоғарыда айтылған ұсыныстар өңірдегі ынтымақтастықтың берік гуманитарлық тұғырын қалыптастырады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Консультативтік кездесулерді жетілдіру мәселесін де қозғады. «Меніңше, осы ынтымақтастық форматын таптаурын қалыптан ада, көшбасшылардың тікелей диалог алаңы ретінде сақтау маңызды. Бұдан бөлек, жұмыс тиімділігі ұсыныстар мен бастамалардың санымен емес, олардың іс жүзіндегі құндылығымен, нәтижесімен өлшенуі керек деп санаймын. 2018 жылдан бері 200-ден астам бастама көтерілген. Дегенмен оның аз ғана бөлігі іске асты. Мұны бұлтартпас деректер айғақтайды. Осы орайда, сыртқы саясат ведомстволары аймақтық бастамаларды түгендеп, олардың өзектілігі мен перспективасын анықтағаны жөн. Бұл аталған форматтың тиімділігін арттырып, қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыруға ықпал етеді», деді Қазақстан Президенті.
Отырыста Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі.
Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының VIIІ Консультативтік кездесуі нәтижесінде Бірлескен мәлімдеме қабылданды.
Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстанға жұмыс сапарымен барды. Мемлекет басшысын әуежайдан Түрікменстан Министрлер кабинеті Төрағасының орынбасары – Сыртқы істер министрі Рашид Мередов қарсы алды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан мен Орталық Азия елдері Тәуелсіздігінің 35 жылдығымен тұспа-тұс келген бүгінгі отырыстың символдық мәні ерекше екенін атап өтті. Президент сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуға баса мән берілетінін айтты.
