Басты тақырып

Тоқаев Ұлыбританияның Сауда министрін қабылдады

Сурет: Ақорда

Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлыбританияның Сауда жөніндегі мемлекеттік министрі, лорд Анас Сарвармен кездесу өткізді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Кездесу барысында Президент Қазақстанның Біріккен Корольдікпен екіжақты қарым-қатынасты дамытуға ерекше мән беретінін жеткізді.

«Қазақстан мен Ұлыбританияны сындарлы саяси диалог және түрлі деңгейдегі белсенді қарым-қатынас байланыстырады. Сонымен қатар ынтымақтастықты одан әрі кеңейте түсуге әлеуетіміз жеткілікті екеніне сенімдімін», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, Біріккен Корольдік Қазақстанның негізгі сауда және инвестициялық серіктестерінің бірі. Былтыр екіжақты сауда-саттық көлемі 83 пайызға өсіп, 1,6 миллиард доллардан асқан. Қазіргі таңда елімізде 500-ден астам британиялық компания жұмыс істейді.

«Сауда-экономикалық байланыстарды ілгерілету жаңа жобалар мен инвестицияларды ғана талап етпейді, сонымен бірге халықаралық ортада еңбек етуге қабілетті адамдар да қажет. Дәл осы себепті Қазақстан жастарын әлемді танып-білуге, дүниетанымын кеңейтуге, көп тіл үйренуге, ең әуелі халықаралық қарым-қатынас құралы саналатын ағылшын тілін меңгеруге шақырамын, деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент Ұлыбритания Премьер-министрі Эндрю Бёрнэмге жылы лебізін жолдап, оны Қазақстанға сапармен келуге шақырды.

Лорд Сарвар елімізбен стратегиялық серіктестіктің дәйекті түрде ілгерілеп келе жатқанына көңілі толатынын білдірді. Сондай-ақ ол британиялық бизнес жобаларға қолдау көрсетіп, Қазақстанда қолайлы инвестициялық климат қалыптастырғаны үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.

«Еліңіздің қарқынды дамып келе жатқанын үлкен қызығушылықпен қарап отырмыз. Халықаралық күн тәртібіндегі негізгі мәселелерге қатысты ұстанымдарымыздың ұқсастығын жоғары бағалаймыз. Бізді ашықтық, серіктестік, инновациялар, өзара сенім мен еркін сауда байланыстырады. Стратегиялық серіктестерімізбен қарым-қатынаста ынтымақтастықтың жоғары деңгейіне сай келетін нақты нәтижеге қол жеткізуге ниеттіміз. Бұл қатарға Қазақстан да енетіні сөзсіз», деді Анас Сарвар.

Кездесуде Мемлекет басшысы мен Ұлыбританияның Сауда жөніндегі мемлекеттік министрі гуманитарлық ықпалдастықты нығайтудың, академиялық алмасуды кеңейтудің және бірлескен білім беру бастамаларын жүзеге асырудың маңызына тоқталды.

Президент Ұлыбританияда білім беру және жас мамандарды даярлау деңгейі өте жоғары екеніне назар аударды. Бұдан бөлек, кездесуге қатысушылар энергетика, көлік-логистика, цифрландыру және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастықты жандандыру перспективасын қарастырды.

Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы Нигерия Президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады.

Көп оқылғандар