Сурет: Ақорда
Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстанның Тәуелсіздігінің 35 жылдығына байланысты Президент Сердар Бердімұхамедовке және Түрікменстан халқының ұлттық көшбасшысы, Халк Маслахатының төрағасы, Аркадаг Гурбангулы Бердімұхамедовке құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы бауырлас Түрікменстанның аталған мерейлі межені беделді әрі дамыған мемлекет ретінде қарсы алып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай жетістіктердің негізінде түрікмен халқының ынтымақ-бірлігі, бай мәдениеті мен жасампаз рухы жатыр.
«Тәуелсіздік алған сәттен бері елдеріңіз әлеуметтік-экономикалық жаңғыруда, халықтың әл-ауқатын арттыруда таңғаларлық табысқа қол жеткізді. Өзінің бейтарап ұстанымынан айнымаған мемлекет ретінде халықаралық позициясын күшейтті. Қазақстан Түрікменстанмен достық қатынасын ерекше бағалайды, тату көршілік және өзара қолдау сипатындағы сан қырлы серіктестікті нығайтуға айрықша мән береді», деп жазылған жеделхатта.
Қазақстан Президенті Түрікменстан басшылығының мемлекет мүддесі жолындағы қызметіне толайым табыс, ал бауырлас түрікмен халқына бақ-береке тіледі.
Бүгін елімізде Еңбек күні аталып өтеді. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қазақстан халқын Еңбек күнімен құттықтады.
