Басты тақырып

Тоқаев Sinovation Ventures бас директоры Ли Кай-Фуды қабылдады

Сурет: aqorda_resmi

Қасым-Жомарт Тоқаев Sinovation Ventures және 01.ai компанияларының бас директоры Ли Кай-Фуды қабылдады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Кездесуде Мемлекет басшысы Ли Кай-Фудың сарапшы ретінде Қазақстанның жасанды интеллект және цифрлық трансформация саласындағы ұстанымдарын қалыптастыруға қосқан үлесін атап өтті. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасап Egemen.kz хабарлады.

Президент Үкіметтің Ли Кай-Фудың ұсынымдары мен озық халықаралық тәжірибеге сүйеніп, орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу жобасын іске асыруға кіріскенін жеткізді.

Өз кезегінде Ли Кай-Фу шағын жинақты мектептерге жасанды интеллектіні енгізу жобаларының негізгі параметрлері туралы мәлімдеді.

Пилоттық жоба биыл қыркүйек айынан бастап бірінші кезеңде 10 мектепте жүзеге асырылады. 2027 жылдың қаңтарынан бастап оны 60 мектепке, ал сәуірде 500 мектепке енгізу жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысы жобаны іске асыру барысында оның ауқымын кеңейту мен білім сапасын арттыратын нақты нәтижеге қол жеткізудің маңыздылығына тоқталды. Жасанды интеллектінің игілігін қала мен ауыл тұрғындарының теңдей көруі қажет екеніне баса мән берілді.

Сонымен қатар Президент жасанды интеллектіні кәсіпкерлікті дамытудың бір тетігі ретінде пайдалану перспективасына назар аударды.

Кездесуде Мемлекет басшысына жасанды интеллект және цифрлық трансформация саласындағы бірқатар бастама таныстырылды.

Көп оқылғандар