Сурет: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елена Рыбакинаны АҚШ ашық чемпионатындағы жеңісімен және теннистен әлемнің бірінші ракеткасы атануымен құттықтады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Президент бұл тарихи табыс отандық спорттың дамуына зор үлес қосқанын атап өтті.
«Сіздің жеңістеріңізден кейін балалардың тенниске қызығушылығы артып, секцияларға көптеп жазылады. Олар да чемпион болғысы келеді. Жас өрендерге өнеге көрсетіп отырсыз. Бұл – өте оң үрдіс. Өскелең ұрпақты спортқа баулу керек, өйткені бұл олардың келешегі үшін өте маңызды. Үш бірдей Үлкен дулыға турниріндегі жеңісіңіз теннис жылнамасына өшпестей болып жазылды. Мұнымен тоқтамай, алда әлі талай асуды бағындырасыз деп сенемін», деді Мемлекет басшысы.
Президент Елена Рыбакинаның адами қасиеттеріне айрықша тоқталды.
«Сіз кортта да, жұртшылық ортасында да байыптылығыңызды байқатасыз. Ішкі мәдениетіңіз жоғары екенін үнемі айтып жүремін. Қазақстанды спортқа, әсіресе, тенниске қолдау көрсететін өркениетті әрі дамыған мемлекет ретінде таныту тұрғысынан мұның маңызы өте зор», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Елена Рыбакина Мемлекет басшысына қолдауы мен Қазақстанда үлкен теннистің дамуына қамқорлығы үшін ризашылығын білдірді.
Әлемнің бірінші ракеткасы Қазақстан атынан өнер көрсетуді мақтан тұтатынын мәлімдеді. Ол алдағы уақытта да жоғары нәтижеге қол жеткізіп, жанкүйерлерін жаңа жеңістермен қуанта беруге ниетті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев спорттағы ерен жетістіктері және Қазақстанда теннистің дамуы мен насихатталуына қосқан үлкен үлесі үшін Елена Рыбакинаны III дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.
Еске салайық, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Самарқандта өткен Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында екінші орын алған қазақтың шахматшы қыздарын құттықтады.
