Сурет: Ақорда
Қасым-Жомарт Тоқаев және Қазақстанға ресми сапармен келген Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саид «Астана» халықаралық қаржы орталығын аралап көрді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров қонақтарға орталықтың жұмыс нәтижелерін таныстырып, Қазақстан мен Оман арасындағы инвестициялық-экономикалық байланыстарды нығайтудағы орталық мүмкіндіктеріне тоқталды.
АХҚО құрылғаннан бері Қазақстанға 28 миллиард доллардан астам инвестиция тартылған. Орталықта 90 елден 6600-ден астам компания тіркелген.
Екі ел басшыларына ағылшын құқығына негізделген юрисдикция ерекшеліктері, АХҚО-ның қаржы қызметін реттеу комитеттерінің, АХҚО Соты мен Халықаралық төрелік орталығының жұмысы туралы ақпарат берілді.
Сонымен қатар орталықтың исламдық қаржыландыру саласындағы мүмкіндіктері және тәулік бойы кеңес беретін AIDA (AIFC Intelligent Digital Assistant) интеллектуалдық ассистенті таныстырылды.
Айта кетейік, Хайсам бен Тариқ Әл Саидтің Қазақстанға сапары 5-6 қазанға жоспарланған. Бұл – Оман Сұлтанының Қазақстанға алғашқы мемлекеттік сапары.
Сапар барысында екі ел басшылары шағын құрамда келіссөз жүргізіп, бірлескен инвестициялық қор құруға келісті. Президент сапардың тарихи маңызын атап өтіп, Оман Сұлтанын «Алтын қыран» орденімен марапаттады.
Хайсам бен Тариқ Әл Саид Қасым-Жомарт Тоқаевқа Оманның ең жоғары мемлекеттік наградасы – Әл Саид орденін табыстады.
