Басты тақырып

Тоқаев пен Мерц келіссөз жүргізіп, сауда-инвестициялық ынтымақтастықты талқылады

Сурет: aqorda_resmi

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Германия Канцлері Фридрих Мерцпен келіссөз өткізді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Кездесуде Президент жылы қабылдауы үшін Германия Канцлеріне алғыс айтты. Тараптар екі ел арасындағы көпқырлы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екендіктерін білдірді. Үкіметтер өзара іс-қимылды кеңейтуге барлық жағдай жасайтыны атап өтілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның Қазақстан үшін басты сауда серіктестерінің және жетекші инвесторлардың бірі екенін атап көрсетті. Ол өнеркәсіп, маңызды минералдар, көлік-логистика, цифрлық технологиялар, машина жасау және химия өнеркәсібі сияқты қосылған құны жоғары салаларда серіктестікті жандандыруға зор мүмкіндік бар екенін жеткізді.

Сонымен қатар тараптар көпжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылап, халықаралық құрылымдар, оның ішінде «Орталық Азия – Германия» форматы аясында белсенді байланысты жалғастыруға келісті.

Келіссөз екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасты. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Германияның стратегиялық серіктестігі берік саяси диалогқа, ортақ экономикалық мүддеге және халықтар арасындағы тығыз байланысқа негізделгенін айтты.

– Өзара сауда-саттық көлемі өткен жылы 13,4 пайызға ұлғайып, 4,5 миллиард долларға жетті. Германияның соңғы 21 жылда елімізге салған инвестициясы 8 миллиард долларды межеледі. Осы ретте германиялық инвестицияның қауіпсіздігін қамтамасыз ету айрықша бақылауда екенін айтқым келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Келіссөз барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға баса назар аударылды. Қазіргі уақытта бірлескен инвестиция портфелінде жалпы құны шамамен 54 миллиард доллар болатын 40 өнеркәсіп жобасы бар. Президент Үкіметаралық жұмыс тобы мен Қазақстан-Германия іскерлік кеңесінің үйлесімді әрі нәтижелі жұмысына оң баға берді.

Мемлекет басшысы Германияның қазіргі әлемдік саясат пен экономикадағы айтулы рөліне тоқталды. Оның пікірінше, елдің өндірістік қуаты, мықты ғылыми мектебі және неміс халқының еңбекке деген жауапкершілігі халықаралық деңгейде сөзсіз мойындалған.

Сонымен қатар Президент пен Канцлер мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты кеңейту, оның ішінде білім мен ғылым саласында бірлескен бастамаларды жүзеге асыру мәселелерін қарастырды. Тараптар Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға сапары екі елдің игілігі мен гүлденуі жолындағы оң нәтижелерге жетуге ықпал ететініне сенім білдірді.

Келіссөз соңында Мемлекет басшысы Канцлер Фридрих Мерцті Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.

Көп оқылғандар