Басты тақырып

Тоқаев пен Германия Канцлері БАҚ сұрақтарына жауап берді

Сурет: aqorda_resmi

Қазақстан Президенті мен Германия Канцлері бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Jibek Joly телеарнасының тілшісі Ділназ Ерланова Мемлекет басшысынан дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 35 жыл толуы қарсаңында Қазақстан мен Германияның ынтымақтастығына қандай баға беретінін сұрады.

– Біз жүріп өткен жолымызды барынша жоғары бағалаймыз. «Жол мұраты – жету» деп бекер айтпайды. Қиын жолды еңсеріп, зор табысқа жеттік. Өзіңізге мәлім, біздің елімізде Германияға деген ықылас ерекше. Бұл елді жақсы көреміз, құрметтейміз, оның экономика мен өзге де салалардағы жетістіктеріне тәнтіміз. Германия – халықаралық аренада өте беделді мемлекет. Сондықтан мен осы елмен жаңа келісімдерге қол жеткіземіз деген үмітпен келдім. Біраз уағдаластық жасастық. Енді осы келісімдерді тиісті деңгейде жүзеге асыру міндеті тұр. Сондықтан мен келешекке үлкен үміт артамын. Бұдан да мол табысқа жететінімізге толық сенімдімін. Келіссөз барысында Канцлер Мерцті келесі жылы өзіне ыңғайлы кез келген уақытта елімізге мемлекеттік сапармен келуге шақырдым, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ARD телеарнасының тілшісі Демиан фон Остен Президенттен Омбы қаласында айтқан соғысты уақытша доғару туралы мәлімдемесіне қатысты пікір білдіріп, Ресейдегі қазіргі ахуалға баға беруді сұрады.

– Бүгін мен Владимир Путин Ресей басшысы әрі мемлекет қайраткері ретінде Орталық Азия мен Еуропаға, оның ішінде Қазақстанға, жалпы тұтас әлемге оңтайлы саяси тұлға екенін анық айттым. Бұл Сізге тосын болса да, турасы сол. Мен оны өте жақсы білемін. Оның бойынан тарихы қым-қиғаш алып елдің басшысына тән қасиеттердің бәрі табылады. Ел алдында тұрған күрделі стратегиялық мақсаттарды өзінше түсінеді. Әрине, Украинадағы жағдай бәрімізді алаңдатады. Мен әуел бастан Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының ережелерін қатаң ұстанатынын айтқанмын. Біз барлық мемлекеттің аумақтық тұтастығы қағидатын сақтауға және құрметтеуге үндеп келеміз. Украина халқына, оның тарихына, мәдениеті мен дәстүріне, тіліне зор құрметпен қарайтынымызды бұрыннан айтып жүрміз. Мен соғысты дереу тоқтату туралы айтпадым. Қазіргі жағдайда мұның оңай емес екенін түсінемін. Менің меңзегенім: Украина аумағындағы әскери іс-қимылды уақытша доғарып, дипломатиялық процеске көшу немесе қандай да бір келіссөз бастау еді, – деді Қазақстан Президенті.

Көп оқылғандар