Сурет: aqorda_resmi
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бавария Премьер-министрінің орынбасары – Экономика, өңірлік даму және энергетика министрі Хуберт Айвангермен кездесті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Кездесу барысында Президент қонақжайлық үшін және Мюнхенде технологиялық форум өткізуге қолдау көрсеткені үшін Хуберт Айвангерге алғыс білдірді.
Тараптар Қазақстан мен Бавария компаниялары арасындағы тікелей іскерлік байланысты нығайту және технологиялық серіктестікті кеңейту перспективаларын талқылады. Германия аймақтары арасында Бавария Қазақстанның негізгі экономикалық серіктесі екені атап өтілді.
Мемлекет басшысы сауда-саттықты ұлғайту, инвестиция тарту және бірлескен жобаларды іске асыру бағыттарында әлеует жеткілікті деп санайды.
Хуберт Айвангер Бавария бизнесінің өзара тиімді кооперацияны дамытуға айрықша қызығушылық танытатынын жеткізді. Оның пікірінше, екі ел экономикасының өзара үйлесімділігі – Бавария компаниялары үшін үлкен мүмкіндік.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Хуберт Айвангер жоғары технология, өнеркәсіп, энергетика, инновация және өңірлік даму салаларындағы ынтымақтастыққа баса назар аударды. Сонымен қатар Қазақстан мен Бавария ықпалдастығының мазмұнын арттыруға ниетті екенін растады.
