Сурет: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының VIIІ Консультативтік кездесуінде жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Президент Қазақстанның жасанды интеллектінің біртұтас экожүйесін құру жолындағы қадамдарын атап өтті: «Жасанды интеллект туралы» заң қабылданып, Digital Qazaqstan стратегиясы жүзеге асырылуда, суперкомпьютер кластері іске қосылып, Alem.ai халықаралық орталығы жұмыс істеп тұр.
«Осыны ескеріп, жасанды интеллект бойынша Орталық Азия серіктестігін құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын. Оның аясында елдеріміздің ғылыми орталықтары, университеттері, технологиялық компаниялары ақпарат пен тәжірибе алмаса алады. Меніңше, аса маңызды технологияларды бақылаудың бірлескен тәсілдерін әзірлеуге уақыт оздырмай кірісу керек. Осыны ескере отырып, Қазақстан Орталық Азия елдері мен Әзербайжанға жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану туралы декларация әзірлеуді ұсынды», деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудың басты міндет екенін айтты. Ол терроризм, есірткі бизнесі, қару-жарақ және адам саудасы, заңсыз көші-қон, ұйымдасқан қылмыс пен алаяқтық қауіпсіздікке айтарлықтай қатер төндіретінін, цифрлық технологиялардың қаскөйлер қолына түсу қаупі қатты алаңдататынын жеткізді.
«Әрине, оған қарсы тұратын тәсілдеріміз заманға сай болуы керек. Осы саладағы ынтымақтастықты нығайтуға Орталық Азия елдері қауіпсіздік кеңесі хатшыларының тұрақты кездесулері айтарлықтай үлес қосуда. Үшінші кездесу 23-24 сәуір күндері Душанбеде өтті. Былтыр Ташкентте қабылданған Аймақтық қауіпсіздік және тұрақтылық тұжырымдамасын, сондай-ақ Қауіпсіздік тәуекелдері және оның алдын алу шараларының тізбесін жоғары бағалаймыз. Мұны барлық тараптың мүлтіксіз орындауы маңызды», деді Президент.
Мемлекет басшысы мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасты тереңдетуге баса назар аударып, аймақ елдерін бай тарихи-мәдени мұра біріктіретінін айтты.
«Соңғы жылдары мәдени байланыстарымыз айтарлықтай жандана түсті. Көрмелер, кинофестивальдер, форумдар, еске алу кештері өткізіліп жатыр. Жастардың, жоғары оқу орындарының және ғылыми қауымдастықтың арасындағы қарым-қатынас, шығармашылық қауымның тікелей диалогы арқылы осы үрдіске тың серпін беру керек. Бірыңғай ақпараттық кеңістікті қалыптастыру ынтымақтастығымызды тереңдете түседі. Қазақстан отандық Silk Way телеарнасы жанынан аймақтық телеарна ашу туралы бастама көтерді», деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстанға жұмыс сапарымен барып, Орталық Азия мен Әзербайжан мемлекеттері басшыларының VIIІ Консультативтік кездесуіне қатысты.
