Басты тақырып

Тоқаев Маңғыстаудағы оқу-жаттығуда сарбаздарға құтқару кеудешесі берілмегенін айтты

Сурет: Aikyn.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстаудағы оқу-жаттығу жиынына қатысқан әскери қызметшілердің тиісті жабдықтармен, оның ішінде арнайы құтқару кеудешелерімен қамтамасыз етілмегенін мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Президент жеке құрамның қауіпсіздігіне айрықша назар аударды. Оның пікірінше, Үкіметтік комиссия оқу-жаттығуды әзірлеу мен өткізуге, әскерді қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуге және қауіпсіздік талаптарының сақталуына жауапты барлық лауазымды тұлғаның әрекетіне баға беруге тиіс.

Сонымен қатар Президенттің өкіміне сәйкес Қорғаныс министрлігіндегі істердің жай-күйіне кешенді тексеру басталды. Тексеру барысында әскери қызметті ұйымдастыру, әскерді жабдықтау, сондай-ақ оның материалдық және қаржылық тұрғыдан қамтамасыз етілуі жан-жақты зерделенеді.

Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева басқаратын комиссия жүйелі сипат алған заң бұзушылықтарды анықтап, кімдердің жауапқа тартылатынын айқындауы қажет. Мемлекет басшысы әскери қызметшілер лауазымына, шеніне қарамастан жауапқа тартылатынын, заң бойынша қатаң жазасын алатынын ескертті. Аталған мәселе Президенттің жеке бақылауында.

– Бұл оқиға армияда олқылықтар өте көп екенін және кәсібилік жетіспейтінін анық көрсетті. Әскерді түбегейлі реформалауды іске асыратын уақыт келді. Бұл – кезек күттірмейтін мәселе. Мен осыған байланысты кадрлық шешімдер қабылдадым. Сіздерге Қазақстан Республикасының жаңа Қорғаныс министрі Мырзахметов Айдос Сәкенұлын таныстырғым келеді. Айдос Сәкенұлы күрделі кезеңде қызметке кірісіп жатыр. Жауапкершілік – өте жоғары, алдағы міндеттер – аса күрделі. Батыл шешімдер қабылдануға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Көп оқылғандар