Басты тақырып

Тоқаев Маңғыстаудағы 14 әскери қызметшінің қазасына офицерлерді кінәлады

Сурет: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында 14 әскери қызметшінің қаза табуына қатысты жағдайға қатаң баға берді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Президент қайғылы оқиғаға бірінші кезекте офицерлердің, оның ішінде генералдардың салғырттығы мен кәсіби біліксіздігі себеп болғанын айтты.

«Мен қаза болған әрбір әскери қызметшінің ата-анасына көңіл айтып, арнайы жеделхатымды жолдадым. Қайтыс болған азаматтардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетіледі. Олардың ешқайсысы қолдаусыз, көмексіз қалмайды», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы оқу-жаттығуды жоспарлауға не түрткі болғанын және қойылған міндеттің қазіргі қауіп-қатерлерге қаншалықты сай келетінін анықтауды талап етті.

«Қарулы Күштер басшылығы қордаланған түйткілдерді жылдар бойы шеше алмай келеді. Бұл еліміздің қорғаныс қабілетіне нұқсан келтіреді. Өткен қайғылы оқиғалардан сабақ алмадыңыздар. Аталған оқу-жаттығу жиынының мәні де, мақсаты да түсініксіз. Оны кім әзірлеп, бекітті? Бас штабтың рөлі қандай? Үйлестіру жұмыстарына неге мән бермеген? Неліктен оқу-жаттығу жиынында Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы болмаған? Жауапсыздық, салғырттық, көзбояушылық белең алған. Жүйелі жұмыс жоқ. Дағдарыс жағдайындағы іс-қимыл жоспары сын көтермейді. Мұның бәрі – әскери ведомство басшылығының немқұрайдылығының салдары», деді Мемлекет басшысы.

Жиында Президент Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, он күн ішінде әскерді реформалау жөніндегі арнайы жоспар әзірлеуге тиістігін айтты.

Айта кетейік, Каспий теңізіндегі 14 әскери қызметшінің өмірін қиған қайғылы оқиғадан кейін Мемлекет басшысы Қорғаныс министрі Дәурен Қосановты қызметінен босатып, бұл лауазымға Айдос Мырзахметовті тағайындады.

Көп оқылғандар