Сурет: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде этномәдени бірлестіктер өкілдерінің жоғары конституциялық мәртебеге ие болған Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына кіргенін атап өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Президент бұрын Парламент квотасы бойынша Сенатқа Қазақстан халқы ассамблеясының тек 5 мүшесі өтетінін, ал қазір Халық Кеңесінің құрамына этномәдени бірлестіктердің 42 өкілі кіргенін айтты. Олар Кеңес мүшелерінің үштен бірін құрайды. Бұл ҚХА миссиясының елдің орнықты әрі табысты дамуы үшін маңызды екенін көрсетеді. Қазіргі міндет – өнімді жұмыс істеу.
«Бұрын Парламент квотасына сай Сенатқа Қазақстан халқы ассамблеясының 5 мүшесі ғана өтетін. Ал енді Халық Кеңесінің құрамына этномәдени бірлестіктердің 42 өкілі кірді. Яғни, олар Кеңес мүшелерінің үштен бірі болып отыр. Еліміздің орнықты әрі табысты дамуы тұрғысынан ҚХА миссиясының маңызды екеніне осы айқын дәлел. Қазіргі міндетіміз – өнімді жұмыс істеу», деді ол.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту тәсілдерін жоғалтпай, оны одан әрі жалғастыру қажеттігін атап өтті.
«Халық Кеңесі бірлік пен келісімнің жаңа тұжырымы әзірленетін орталық бола алады. Басқаша айтқанда, Халық Кеңесі этномәдени бірлестіктер мен осы салада қызмет ететін басқа да қоғамдық ұйымдарды бір мақсатқа біріктіруі керек. Өңірлік деңгейде Достық үйлерінің жанынан ашылған «Қоғамдық келісім» желісі жұмысын жалғастырады. Этномәдени бірлестіктердің өкілдері жергілікті қоғамдық кеңестердің құрамына кіріп, Қазақстан Халық Кеңесіндегі тұрақты комитеттердің, салалық комиссиялардың және консультативтік-кеңес органдарының жұмысына қатыса алады. Алайда жаңа мүмкіндіктер айрықша жауапкершілік жүктейтінін де ескерген жөн. Дұрыс шешімді талап ететін түйткілдер шаш етектен», деді Мемлекет басшысы.
Президент басқосудың басында еліміз әлемнің бәсекеге қабілетті 40 елінің қатарына енгенін, соңғы 7 жылда ішкі жалпы өнім 29 пайызға артып, 306 миллиард долларға жеткенін атап өтті.
