Басты тақырып

Тоқаев FIDE президенті Турловты қабылдап, шахматты дамыту міндеттерін айқындады

Сурет: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) президенті Тимур Турловты қабылдады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Президент Турловты FIDE басшылығына сайлануымен құттықтап, бұл отандық шахмат мектебінің әлемдік деңгейдегі беделінің өскенін көрсететінін атап өтті.

Мемлекет басшысы шахматтың ел үшін алар орны ерекше екеніне тоқталып, ол спорт түрі ретінде ғана емес, жас ұрпақтың зияткерлік әлеуетін дамытудың маңызды құралы екенін айтты.

Соңғы жылдары отандық шахмат мектебі қарқынды дамып келеді. Елімізде 278 мыңнан астам адам шахматпен жүйелі түрде айналысады.

Тоқаев Самарқандта өткен Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында күміс жүлде алған әйелдер құрамасының жетістігін ерекше атап өтті. Сондай-ақ Қазақстан шахмат федерациясының алдындағы басым міндеттерді белгіледі.

Президент құраманың дайындығын күшейту, жас таланттарды іріктеу мен тәрбиелеудің тиімді жүйесін құру, білім беру саласында шахматты насихаттау және өңірлерде шахмат инфрақұрылымын дамыту қажеттігін айтты.

Сонымен қатар ол отандық бапкерлер мен төрешілердің біліктілігін арттыруға, бірлескен білім беру жобаларын жүзеге асыруға, Қазақстанда шахматтан ірі халықаралық жарыстар өткізу үшін ұлттық федерация мен FIDE арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға баса назар аударды. Кездесу соңында Президент Турловқа жауапты қызметінде табыс тіледі.

FIDE басшысы шахматты дамытуға қолдау көрсеткені үшін Қазақстан Президентіне ризашылығын білдірді. Ол шахматты әлемде кеңінен насихаттау, халықаралық ынтымақтастықты нығайту және ұлттық федерациялардың қатысуымен жаңа жобаларды іске асыру туралы мәлімет берді.

Бұған дейін Президент Еуропа конвенциясын ратификациялау туралы заңға қол қойғаны еске салады.

Көп оқылғандар