Басты тақырып

Тоқаев еріктілерге ризашылығын білдірді

Сурет: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлік қызметпен айналысып жүрген еріктілерге ризашылығын жеткізді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Президенттің айтуынша, Қазақстан волонтерлік қызметті Конституция деңгейінде бекіткен санаулы мемлекеттердің қатарында.

«Cіздер – жас, жігерлі азаматсыздар. Волонтерлік қызметпен айналысып жүрсіздер. Өте дұрыс. Мен еріктілердің еңбегін қолдаймын. Бұл – елге шынайы жанашыр болудың нақты көрінісі. Біз 2020 жылды Волонтер жылы ретінде атап өттік. Сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымында сөйлеген сөзімде мен Халықаралық волонтерлер жылын белгілеу туралы бастама көтердім. Бұл ұсынысымды әлем елдерінің барлығы дерлік қолдап, 2026 жыл Халықаралық волонтерлер жылы болып жарияланды. Бұл жыл сіздерге арналды. Бұдан бөлек, Қазақстан – волонтерлік қызметті ең жоғары заң деңгейінде, яғни Конституцияда бекіткен санаулы мемлекеттердің бірі. Осы орайда, еліміздегі және шетелдегі барша еріктілерді шын жүректен құттықтаймын!», деді Президент.

Мемлекет басшысы былтыр БҰҰ мінберінен «Таза Қазақстан» жобасының табысты жүзеге асып жатқанын айтқанын еске салды.

«Соның негізінде БҰҰ Бас Ассамблеясының 80 сессиясында 22 сәуірді «Халықаралық жер шарын көгалдандыру күні» деп жариялауды ұсындым. Бұл бастаманы да Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының барлық мүшесі түгел қолдады деуге болады. Мұның бәрі Қазақстанның дүние жүзіндегі озық үрдістерді терең түсініп, заман талабына сай дамып келе жатқанын көрсетеді. Осылайша, еліміз әлемдегі бейбітшілікті сақтауға өзінің елеулі үлесін қосып отыр. Еліміздің болашағы – сіздер сияқты білімді, белсенді, көзі ашық, көкірегі ояу, талапты жастардың қолында! Жолдарыңыз әрдайым ашық болсын! Баршаңызға амандық және сәттілік тілеймін!», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Көп оқылғандар