Басты тақырып

Тоқаев Берлинге қосылған құны жоғары өндіріс тізбегін құруды ұсынды

Сурет: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Берлинге қосылған құны жоғары өнімдер шығаратын өндіріс тізбегін бірлесіп қалыптастыруды ұсынды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстан Еуропа экономикасы үшін стратегиялық маңызы бар 34 шикізат түрінің 21-ін өндіреді. Олардың қатарында литий, кремний, кобальт, ниобий, вольфрам және мыс бар. Бұл материалдар энергетикалық ауысымға, машина жасауға, өнеркәсіп өндірісіне, микроэлектроника мен цифрлық технологияларға қажет.

Мемлекет басшысы германиялық серіктестерге шикізат жеткізуді кепілдендіріп қана қоймай, геологиялық барлау мен кен өндіруден бастап өңдеу, компоненттер шығару және материалдарды қайта өңдеуге дейінгі толық өндіріс тізбегін құруды ұсынды.

Энергетика саласындағы ынтымақтастық та маңызды бағыт саналады. Қазақстан Еуропа Одағына импортталатын мұнайдың шамамен 13 пайызын, табиғи уранның 20 пайызын қамтамасыз етеді. 2025 жылы Германияға жеткізілген мұнай көлемі 10 миллион тоннадан асты.

Көлік байланысын нығайту үшін Шығыс пен Батысты жалғайтын сенімді дәліз қажет. Қытайдан Еуропаға құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 85 пайызға жуығы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Былтыр шамамен 40 миллион тонна жүк жеткізілді.

Транскаспий халықаралық көлік бағдары Азия мен Еуропа арасындағы мүмкіндіктерді кеңейтіп келеді. Биылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша аталған дәлізбен тасымалданған жүк көлемі 22 пайызға, ал Шығыс – Батыс бағытындағы транзит 55 пайызға өсті.

Жаңа көлік жобалары бірқатар өңірді Каспий теңізіндегі айлақтармен тікелей байланыстырып, Қытай – Еуропа бағытын 1000 шақырымға қысқартады.

Цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын енгізу қазақ-герман ынтымақтастығының тағы бір перспективті бағыты ретінде қарастырылуда.

Көп оқылғандар