Басты тақырып

Тоқаев Бавария Премьер-министрі Маркус Зёдермен кездесті

Сурет: aqorda_resmi

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бавария Премьер-министрі Маркус Зёдермен кездесу өткізіп, қонақжайлық үшін алғыс білдірді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Кездесу барысында Тоқаев Баварияның экономикалық қуаты мен инновациялық әлеуетін жоғары бағалайтынын атап өтті. Ол сондай-ақ Германия Федералдық Президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен және Федералдық Канцлер Фридрих Мерцпен жүргізілген келіссөздердің мазмұнды болғанын жеткізді.

– Баварияның өзіне тән ерекшелігін, экономикалық қуатын, инновациялық әлеуетін жоғары бағалаймын. Кеше Федералдық Президент Франк-Вальтер Штайнмайермен және Федералдық Канцлер Фридрих Мерцпен өте мазмұнды келіссөздер жүргіздім. Уағдаластықтарымызды нақты нәтижеге айналдыруға ниеттімін әрі аталған мәселеде Баварияны басты серіктес ретінде қарастырамын. Бұл – өнеркәсіп пен ғылымдағы өзінің озық жетістіктерін дәстүрге деген айрықша құрметімен ұштастырған өңір. Осы арқылы Бавария Германия экономикасын алға сүйреп, экономикамызды жаңғырту мен әртараптандыруда Қазақстанның сенімді серіктесі болып отыр, – деді Мемлекет басшысы.

Тоқаевтың айтуынша, Баварияның технологиялық жетістіктері мен Қазақстанның ресурстық және өнеркәсіптік әлеуетін біріктіруге мол мүмкіндік бар. Сондай-ақ ол екі ел арасындағы экономикалық ықпалдастықты нығайтуда көлік байланыстарын жақсартудың маңыздылығын атап өтті.

Өз кезегінде Маркус Зёдер Баварияның Қазақстанмен сан қырлы ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін жеткізді. Ол сондай-ақ елімізде табысты жұмыс істеп жатқан бавариялық компанияларға көрсеткен қолдауы үшін Қазақстан Президентіне ризашылығын білдірді.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Бавария Премьер-министрін қонақжай қазақ жерінде жүздесуге шақырды. Маркус Зёдер Қасым-Жомарт Тоқаевқа мюнхендік «Бавария» ойыншыларының қолы қойылған жейдені сыйға тартты.

Көп оқылғандар