Басты тақырып

Тоқаев Бавария Ландтагының Төрағасымен кездесті

Сурет: aqorda_resmi

Қасым-Жомарт Тоқаев Бавария Ландтагының Төрағасы Ильзе Айгнермен кездесу өткізді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Кездесуде Мемлекет басшысы Германияның жоғары басшылығымен бір күн бұрын Берлинде жүргізілген келіссөздердің табысты әрі нәтижелі болғанын атап өтті.

Президент Баварияның қазақ-герман қарым-қатынасын нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалайтынын жеткізді.

– Бавария Қазақстанмен сауда-саттықты жандандыру және байланыстарды дамытуда айрықша рөл атқарады. Германия – еліміздің маңызды серіктесі, Еуропадағы және одан тысқары жерлердегі стратегиялық әріптесі саналады. Өйткені еліңіздің ықпалы мен рөлі, жетістіктері Еуропа аумағынан да алысқа таралған. Біз бұған сенімдіміз. Германия – экономикасы жағынан әлемдегі үшінші ел, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Әңгіме барысында парламентаралық ықпалдастық мәселелері қозғалып, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту перспективасы талқыланды.

Ильзе Айгнер сапар бағдарламасының тығыздығына қарамастан Бавария Ландтагына келуге уақыт тапқаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтты.

Ландтаг Төрағасының айтуынша, Бавария Қазақстанмен сауда-экономикалық, көлік және инвестициялық байланыстарды нығайту мүмкіндіктерін мұқият зерделейді.

Президент пен Ландтаг Төрағасы кездесу соңында Қазақстан мен Бавария арасындағы мазмұнды диалогты кеңейтуге мүдделі екенін растады.

Көп оқылғандар