Сурет: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана әкімі Жеңіс Қасымбектің және Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыровтың есептерін тыңдады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Астана әкімі елорданы кешенді көріктендіру және көгалдандыру жұмыстары туралы баяндады. Оның айтуынша, соңғы жылдары қалада 500-ге жуық аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылған. Жыл соңына дейін 170-тен астам аула мен қоғамдық орын, соның ішінде парктер, гүлзарлар мен бульварлар ретке келтірілмек.
Президентке Есіл өзенінің бойында қоғамдық және рекреациялық кеңістіктердің бірыңғай жүйесі қалыптасып келе жатқаны туралы мәлімет берілді. Бұл жұмыстар аясында қаланың түрлі бөлігіндегі парктер, серуен және спорт аумақтары тұтас жасыл белдеуге біріктіріледі.
Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров «Таза Қазақстан» бастамасы жүзеге асырыла бастағаннан бері 2 мыңнан астам экологиялық іс-шара ұйымдастырылғанын баяндады. Оның аясында 3,8 миллион тонна қоқыс жиналып, 10 мыңдай қоқыс төгетін орын жойылған.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қатысқаны еске салады.
