Сурет: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында өткен оқу-жаттығуға қатысқан әскери қызметшілердің қажетті жабдықтармен, оның ішінде арнайы құтқару кеудешелерімен қамтамасыз етілмегенін мәлімдеді. Президент жеке құрамның қауіпсіздігіне ерекше назар аударып, Қорғаныс министрлігінің жұмысына кешенді тексеру басталғанын жеткізді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы Үкіметтік комиссия оқу-жаттығуды әзірлеу мен өткізуге, әскерді қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуге және қауіпсіздік талаптарының сақталуына жауапты барлық лауазымды тұлғаның әрекетіне баға беруге тиістігін атап өтті.
Президенттің өкіміне сәйкес Қорғаныс министрлігіндегі істердің жай-күйіне кешенді тексеру басталды. Оның барысында әскери қызметті ұйымдастыру, әскерді жабдықтау, сондай-ақ материалдық және қаржылық қамтамасыз ету мәселелері жан-жақты зерделенеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева басқаратын комиссия жүйелі сипат алған заң бұзушылықтарды анықтап, жауапқа тартылатын тұлғаларды айқындауы қажеттігін айтты. Мемлекет басшысы жағдайды өз бақылауына алғанын жеткізіп, әскери қызметшілердің лауазымы мен шеніне қарамастан заң бойынша қатаң жауапқа тартылатынын ескертті.
«Бұл оқиға армияда олқылықтар өте көп екенін және кәсібилік жетіспейтінін анық көрсетті. Әскерді түбегейлі реформалауды іске асыратын уақыт келді. Бұл – кезек күттірмейтін мәселе. Мен осыған байланысты кадрлық шешімдер қабылдадым. Сіздерге Қазақстан Республикасының жаңа Қорғаныс министрі Мырзахметов Айдос Сәкенұлын таныстырғым келеді. Айдос Сәкенұлы күрделі кезеңде қызметке кірісіп жатыр. Жауапкершілік – өте жоғары, алдағы міндеттер – аса күрделі. Батыл шешімдер қабылдануға тиіс», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, он күн ішінде әскерді реформалау жөніндегі арнайы жоспар әзірлеуге тиістігін айтты.
Айта кетейік, Каспий теңізіндегі 14 әскери қызметшінің өмірін қиған қайғылы оқиғадан кейін Мемлекет басшысы Қорғаныс министрі Дәурен Қосановты қызметінен босатып, бұл лауазымға Айдос Мырзахметовті тағайындады.
