Сурет: kaztag.kz
Биылғы он айда отандық спортшылар халықаралық жарыстарда 341 медаль иеленді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Министрдің сөзінше, соңғы жылдары спорт саласындағы реформалар нақты нәтиже бере бастады. Заңнамалық өзгерістер қабылданып, спортшыларды қолдау шаралары күшейтілді. Осының арқасында биылғы он айда отандық спортшылар әлем чемпионаттарында 43, Азия біріншіліктерінде 48 алтын медаль жеңіп алды.
Сала басшысы Жапонияның Нагоя қаласында өткен ХХ жазғы Азия ойындарының қорытындысына да тоқталды. Құрлықтық додада спортшыларымыз 84 медаль иеленді: 12 алтын, 24 күміс, 48 қола.
V жазғы Пара Азия ойындарында отандастарымыз 12 алтын, 16 күміс, 22 қола медаль еншілеп, жалпыкомандалық есепте 9-орынға тұрақтады. Министр бұл нәтижелер еліміздің халықаралық спорттағы бәсекеге қабілеттілігін көрсететінін атап өтті.
Брифингте ұлттық спорт түрлерін дамыту мәселесі де қозғалды. Қазір елімізде 11 ұлттық спорт түрі дамытылып келеді. Қазақ күресі мен тоғызқұмалақтан әлемнің 50-ден астам елінде федерациялар құрылған.
Министрдің мәліметінше, қазақ күресін жабық ғимараттағы Азия ойындарының бағдарламасына енгізу жөнінде өтінім берілген. Алдағы уақытта елімізге Азия Олимпиада кеңесінің бас хатшысы келеді деп жоспарланып отыр. Осы сапар аясында ұлттық спорт түрлерін халықаралық деңгейде кеңінен таныту мәселелері талқыланбақ.
Тоғызқұмалақтан әлем және Азия чемпионаттары тұрақты өткізіліп келеді. Ендігі міндет – төл зияткерлік ойынымызды халықаралық кешенді спорт жарыстарының бағдарламасына енгізу. Сонымен қатар министр Азия ойындарының жеңімпаздарына берілетін сыйақы мөлшері артқанын хабарлады.
Брифингте туризм саласының даму көрсеткіштері де жарияланды. Кейінгі жылдары бұл бағытқа тартылатын инвестиция көлемі тұрақты өсіп келеді. Атап айтқанда, биылғы тоғыз айда туризм саласының негізгі капиталына 1 трлн 319 млрд теңге инвестиция салынған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 68 пайызға жоғары.
Сала басшысы инвестициялық белсенділіктің артуы туризм инфрақұрылымын дамытуға, жаңа жобаларды іске асыруға, саланың экономикалық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Мазмұнға өту
