Сурет: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі
Шығыс Қазақстан облысында республикалық маңызы бар Өскемен-Алтай-Үлкен Нарын-Катонқарағай-Рахман қайнары бағытындағы жолдың 437-450 шақырым аралығындағы учаскесі пайдалануға берілді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бұл жұмыс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың автожол желісін дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылды. ШҚО әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жұмыстарды «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мамандары орындады.
Жаңартылған учаскенің ашылу рәсіміне облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты. Жоба 2025-2026 жылдары іске асырылды. Жөндеу жұмыстарын «Строительная компания Зайсан» ЖШС жүргізді. Ұзындығы 13 шақырым жолға жаңа асфальт төселіп, 17 су өткізу науасы мен 3 су өткізгіш құбыр салынды. Сондай-ақ жолдың инженерлік және қауіпсіздік инфрақұрылымы ретке келтірілді.
– Бұл жоба ең алдымен, өңір жұртшылығы үшін маңызды. Жаңартылған учаске жол бойындағы елді мекендер тұрғындары үшін қауіпсіз әрі жайлы қатынасты қамтамасыз етеді. Сонымен қатар бұл бағыт Катонқарағай ұлттық паркі мен Рахман қайнарына баратын туристер үшін де маңызды, — деді Нұрымбет Сақтағанов.
Жаңартылған жол учаскесі жол жүру уақытын қысқартуға және көлік құралдарының тозуын азайтуға мүмкіндік береді. Айта кетейік, Өскемен-Алтай-Үлкен Нарын-Катонқарағай-Рахман қайнары бағыты өңірдің әлеуметтік-экономикалық және туристік маңызы жоғары көлік дәліздерінің бірі саналады.
Шығыс Қазақстанның туристік әлеуетін арттыруда көлік инфрақұрылымының сапасы ерекше маңызды. Аймақтың табиғи көрікті жерлеріне келетін туристер санының артуы жолдардың қолжетімділігі мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды да күшейтіп отыр.
Облыс әкімі жолды жаңғыртумен қатар, оны алдағы уақытта тиісті деңгейде күтіп ұстаудың және сапасын ұзақ жылдар бойы сақтаудың маңызын атап өтті.
