Сурет: istockphoto.com
Қазақстан ғылым, бизнес және өндіріс арасындағы алшақтықты жоюға бағытталған жаңа инновациялық стратегияны таныстырды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
12 маусымда Үкімет үйінде өткен Инновацияларды дамыту жөніндегі кеңесте Ғылым және жоғары білім министрлігі ғылыми зерттеулер мен өндірісті біріктіретін тұжырымдаманы ұсынды. Министр Саясат Нұрбек инновацияны жеке ведомство емес, экономиканы жаңғыртудың кешенді міндеті ретінде қарастыру керектігін айтты.
«Біз алғаш рет инновацияларды ғылым, цифрландыру немесе өнеркәсіптің жеке салалық мәселесі ретінде емес, ел экономикасын жаңғыртудың кешенді міндеті ретінде қарастырып отырмыз», – деді министр.
Министрлік Enbek.kz порталы арқылы 6 мыңнан астам кәсіпорынға сауалнама жүргізіп, инновациялық әлеуеті бар 1600-ден астам компанияны анықтады. Бұл кәсіпорындарда 147 мыңнан астам адам жұмыс істейді, оның ішінде 29 мыңы инженерлік, IT және ғылыми сала мамандары. Алайда жобалардың 60 пайызы зертханалық сынақ деңгейінде қалып, өнеркәсіптік өндіріске жетпейді.
Министрлік ғылыми әзірлемелерді коммерцияландырудағы үзілісті шешу үшін тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қолдау құралдарын кеңейтуді, Ғылым қоры базасында «қорлар қорын» құруды және QazInnovations қызметін қайта форматтауды ұсынды. Сондай-ақ Қазақстан Horizon Europe бағдарламасына қосылуды жоспарлап отыр, бұл халықаралық консорциумдар мен венчурлық қаржыландыруға жол ашады.

