Спорт

Мексикалық боксшы Артуро Торрес 26 жасында қайтыс болды

Сурет: ашық дереккөзден

Мексикалық кәсіпқой боксшы Артуро «Лобито» Торрес 26 жасында соңғы жекпе-жегінен кейін өмірден өтті. Оның кәсіби рекорды 15 жеңіс, 6 жеңіліс және 3 тең нәтижеден тұрады, ал 6 жеңісін нокаутпен аяқтаған. Бұл туралы Egemen.kz MiddleEasy басылымына сілтеме жасап хабарлады, деп жазады Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

19 қыркүйекте Торрес отандасы Хильберто «Торито» Гарсиямен жұдырықтасқан. Жекпе-жектің жетінші раундында Артуроның бұрышы қарсыласының көптеген соққысынан кейін жекпе-жекті тоқтату үшін рингке орамал лақтырды. Нәтижесінде боксшыға техникалық нокаутпен жеңіліс жазылды.

Көп ұзамай Торрес ринг үстінде есінен танып қалды. Оны шұғыл түрде ауруханаға жеткізген дәрігерлер боксшының миында қан ұйығынын анықтады.

Мексикалық спортшыға шұғыл ота жасалды. Операция сәтті өткенімен, хирургиялық араласудан кейін Торрес жасанды кома жағдайында жатты. Дәрігерлердің күш салғанына қарамастан, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. 25 қыркүйекте боксшының қайтыс болғаны жарияланды.

Артуро Торрес кәсіпқой бокстағы дебютін 2018 жылдың қарашасында жасады. Ол алғашқы он жекпе-жегінің барлығында жеңіске жетіп, ұзақ уақыт бойы жеңіліссіз өнер көрсетті.

Кәсіпқой бокс мансабында мексикалық спортшы 24 жекпе-жек өткізіп, 15 рет жеңіске жетті, 6 рет жеңілді және 3 кездесуді тең аяқтады. Сондай-ақ Торрес ең жеңіл және жеңіл салмақ дәрежелерінде FECOMBOX ұйымының аймақтық чемпиондық титулдарына ие болған.

Көп оқылғандар