Қоғам

Нұрай Серікбай ісі: тергеушіге қатысты сот отырысы өтеді

Сурет: Instagram/justice_for_nuray

Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша негізгі сот процесі аяқталғанымен, істің жекелеген мәселелері бойынша құқық қорғау органдары қызметкерлерінің әрекеттеріне қатысты сот отырысы өтеді. Бұл туралы Нұрай Серікбайдың ағасы Сұлтан Серікбай мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Сұлтан Серікбай резонансты іске қатысты негізгі сот процесі аяқталғанымен, әлі де елімізде осы сипаттағы қайғылы оқиғалар болып жатқанына өкініш білдірді. Мұндай жағдайларға көбіне құқық қорғау органдарының дер кезінде әрекет етпеуі себеп болып жатқандығын атап өткен ол Нұрай ісіндегі тергеушіге қатысты сот процесі өтетіндігін мәлімдеді.

«Алда тергеушінің соты болады. Оны да толық көрсетеміз. Ал өз ісімізге келетін болсақ, алда апелляция, одан кейін кассация бар. «Қара бүркітке» (түрме) дейін біз бірге болуымыз керек. Барынша істі аяғына дейін жеткізуіміз керек», деді ол.

Айта кетейік, қоғамда үлкен резонанс тудырған қайғылы оқиға 2026 жылғы 11 қаңтар күні Шымкентте болды. 21 жастағы студент Нұрай Серікбай пышақ жарақатынан көз жұмды. Қатыгездікпен жасалған қылмысқа қызбен таныс болған 28 жастағы Шерхан Аймахан күдікті ретінде танылған.

Тергеу мәліметінше, сотталушы Нұраймен 2025 жылдың жазында танысқан. Ал күзде оның келісімінсіз некеге тұруға мәжбүрлеп, Алматыдан Түркістан облысына алып қашқан. Сол сәтте қыздың ағалары полициямен бірге барып оны үйіне қайтарған. Осыдан кейін де сотталушы қызды мазалап, аңдуын тоқтатпаған. Сотталушыға Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша, атап айтқанда, сталкинг, некеге тұруға мәжбүрлеу және аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру бойынша айыптар тағылған болатын.

Сот барысында Шерхан Аймахан 35 соққы жасаған деген айыппен келіспейтінін, тек 6-7 рет соққы жасағанын ғана есінде сақтағанын айтқан. Бұған дейін ол пышақпен бірінші болып Нұрай шабуыл жасағанын мәлімдеген еді. Алайда кейін өзіне жарақатты өзі салғанын мойындады.

Сарапшылар шабуыл кезінде оның өз әрекетінің сипатын түсінгенін және аффект жағдайында болмағанын анықтады. Бұған дейін прокурор да Аймаханға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрап, жазаны жеңілдетуге негіз жоқ екенін мәлімдеген еді.

Іс 13 тамызда Шымкент қаласы мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты Шерхан Аймаханға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Көп оқылғандар