Сурет: slovoidilo.ua
Германияның шамамен 100 қаласында мектеп оқушылары әскери міндетке қарсы наразылық акцияларын өткізді. DW мәліметінше, шерулерге 45 мыңнан астам жасөспірім қатысты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Наразылық акциясына қатысушылар әскери қызмет реформасына қарсылық білдірді. Жаңа реформаға сәйкес, 18 жастағы ер азаматтар үшін арнайы сауалнаманы міндетті түрде толтыру және әскери қызметке жарамдылығын анықтау үшін медициналық тексеруден өту қарастырылған.
Шілде айынан бері сауалнамада Бундесверде қызмет еткісі келмейтінін көрсеткен 18 жастағы мыңға жуық жасөспірім медициналық тексеруден өтуге шақырылған. Бастапқыда міндетті медициналық тексерулерді 2027 жылдың шілде айынан бастап өткізу жоспарланған болатын.
Германияда жалпыға бірдей әскери міндеттілік 2011 жылдан бері тоқтатылған. Жаңа заң әскери қызметке ерікті түрде қабылдау тәртібін сақтайды. Алайда ерікті түрде әскери қызметке барушылардың саны жеткіліксіз болған жағдайда, Бундестаг міндетті әскери қызметті қайта енгізу туралы шешім қабылдай алады.
