Басты тақырып

Қазақстан аумағы арқылы әскери техника өтеді – Қорғаныс министрлігі

Сурет: Қорғаныс министрлігі

21 қыркүйек пен 5 қазан аралығында Қазақстан аумағы арқылы Мисящ стансасына дейін (Челябі облысы, Ресей) және кері бағытта теміржол көлігімен әскери техника мен жеке құрамның жоспарлы қозғалысы жүргізіледі, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бұл қозғалыс Ресей Федерациясының аумағында 24 қыркүйек пен 3 қазан аралығында өтетін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) «Өзара іс-қимыл – 2026», «Іздеу-2026» және «Эшелон-2026» оқу-жаттығуларына дайындық пен оларды өткізу кезеңіне байланысты.

Оқу-жаттығулар барысында далалық сабақтар ұйымдастырылып, шеру дайындығы, бөлімшелерді басқару және қойылған міндеттерді орындау пысықталады. Іс-шаралар ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің жауынгерлік даярлық бойынша бекітілген жоспарларына сәйкес жүргізіледі.

Аталған оқу-жаттығулар тұрақты негізде Ұйымға мүше мемлекеттердің аумағында кезекпен өтеді.

Азаматтардан, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінен және әлеуметтік желі пайдаланушыларынан тексерілмеген ақпаратты таратпауды және ресми дереккөздерде жарияланған мәліметтерге ғана назарға алуды сұраймыз. Жалған ақпаратты тарату және шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді жариялау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғатынын еске саламыз, — делінген министрлік хабарламасында.

Көп оқылғандар