Сурет: Мәдениет және ақпарат министрлігі
Қазақ телевизиясының тұңғыш дикторларының бірі, ақын және аудармашы Зұлхия Мұқанқызы Жұматова дүниеден өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ол 1920 жылы 20 ақпанда Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған. 1958 жылғы 8 наурызда Нелли Омаровамен бірге Қазақ телевизиясының тұңғыш эфирін ашқан дикторлардың қатарында болды. Зұлхия Мұқанқызы қазақ тіліндегі алғашқы телехабарды жүргізсе, Нелли Омарова орыс тіліндегі хабарды алып барды.
1958–1970 жылдары Қазақ телевизиясында еңбек етіп, отандық телехабар тарату ісінің қалыптасуына және қазақ тіліндегі дикторлық өнердің дамуына үлес қосты.
Телевизиядағы қызметімен қатар әдеби шығармашылықпен айналысып, балаларға арналған өлеңдер мен шығармалар жазды, аударма саласында да еңбек етті. Сондай-ақ Ғабит Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрында басшылық қызмет атқарды.
Ұлттық телевизияның дамуына сіңірген еңбегі үшін 2026 жылғы 28 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оны «Құрмет» орденімен марапаттады.
Мазмұнға өту
