Сурет: Астана қаласының әкімдігі
Қазақ күресін жабық ғимараттағы Азия ойындарының бағдарламасына қосу мүмкіндігі қарастырылуда. Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Министрдің сөзінше, қазір қазақ күресі мен тоғызқұмалақтан әлемнің 50-ден астам елінде федерациялар жұмыс істейді.
«Қазір елімізде 11 ұлттық спорт түрі бар. Бүгінде қазақ күресі мен тоғызқұмалақтан әлемнің 50-ден астам елінде федерациялар құрылған. Жуырда Қазақстанға Азия Олимпиада кеңесінің бас хатшысы келеді. Біз қазақ күресін жабық ғимараттағы Азия ойындарының бағдарламасына енгізу жөнінде өтініш бердік», деді Ербол Мырзабосынов.
Сонымен қатар министр тоғызқұмалақты халықаралық кешенді жарыстардың бағдарламасына енгізу жоспарын атап өтті. Қазір бұл спорт түрінен әлем және Азия чемпионаттары тұрақты түрде өткізіліп келеді. Ербол Мырзабосынов алдағы уақытта тоғызқұмалақтың халықаралық деңгейдегі мәртебесін көтеру бағытында жұмыстар жалғасатынын айтты.
Айта кетейік, биылғы күрес түрлерінен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы бес медаль жеңіп алды. Оның ішінде бір күміс және төрт қола жүлде бар. Ұлттық құрама жалпыкомандалық есепте 15-орынға тұрақтады.
Мазмұнға өту
