Спорт

Қазақ боксшылары World Boxing рейтингінде көш бастады

Сурет: Egemen Qazaqstan

World Boxing ұйымы боксшылардың жаңартылған әлемдік рейтингін жариялады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Отандық төрт былғары қолғап шебері өз салмақ дәрежесінде көш бастады: Санжар Тәшкенбай (50 кг), Төрехан Сабырхан (70 кг), Наталья Богданова (70 кг) және Айбек Оралбай (+90 кг). Әлем чемпиондары Махмұд Сабырхан (55 кг), Назым Қызайбай (48 кг), Алуа Балқыбекова (51 кг), Аида Әбікеева (65 кг) екінші орынға жайғасты. Нұрбек Оралбай (85 кг) мен Дина Исламбекова (+80 кг) үздік үштікті түйіндеді.

Дзюдодан жастар арасындағы әлем чемпионатының алғашқы күні бірнеше отандасымыз татамиге шықты. Ерлер арасында 60 кг салмақта белдескен Әлішер Тұрсынәлі алғашқы айналымда кувейттік Хасан Әлрамзиді айқын басымдықпен жеңді. Өзге балуандарымыз да жүлделі орындар үшін күресті жалғастырып жатыр.

Эстонияның Таллин қаласында мәнерлеп сырғанаудан ISU Challenger санатындағы халықаралық жарыс басталды. Қысқа бағдарламада сынға түскен отандасымыз Артур Смағұлов 61,09 ұпай жинап, 11-орынға тұрақтады. Ал Никита Кривошеев жарысқа қатысудан бас тартты. Бұл сында италиялық Габриэле Франджипани (80,96 ұпай) көш бастаса, оңтүстіккореялық Ким Хенгем (79,57) екінші, Польшаның өкілі Владимир Самойлов (74,35) үшінші орынға жайғасты.

Астанада өтіп жатқан ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионатында 14 жастағы Маргарита Ермакова ересектер арасында ел чемпионы атанды. 69 кг салмақта сынға түскен елордалық жас спортшы жұлқа көтеруде 94 кг, серпе көтеруде 118 кг зілтемірді еңсеріп, қарсыластарынан басым түсті. Әйелдер арасында өзге салмақ дәрежелерінде Азия ойындарының күміс жүлдегері Аянат Жұмағали (77 кг), Екатерина Алякина (57 кг), Инабат Өмірзақ (61 кг) жеңімпаз атанды.

Елордалық «Барыс» хоккей клубы Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті кездесуінде Уфаның «Салават Юлаев» командасына 3:5 есебімен есе жіберді. Айдын иелері алғашқы кезеңнің өзінде үш шайба соғып, басымдыққа ие болды. Уфалықтар сапынан Вадим Шипачев, Девин Броссо, Данил Алалыкин, Владислав Ефремов және Артем Горшков мергендік танытты. Ал «Барыстың» үш шайбасын Аңсар Шайхмедденов, Джастин Бэйли және Мэйсон Морелли соқты. Елордалық команда келесі кездесуін Омбыда жергілікті «Авангардқа» қарсы өткізеді.

Көп оқылғандар