Сурет: Egemen Qazaqstan
Премьер-министр Олжас Бектенов Халықаралық валюта қорының Қазақстан бойынша миссиясының басшысы Амина Ларешпен кездесті. Тараптар экономикалық өсу қарқынын оң бағалады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Кездесуде ХВҚ сарапшыларының ел экономикасының соңғы үрдістері мен реформалардың басымдықтарын зерделеу қорытындылары қаралды. Премьер-министр серіктестіктің маңыздылығын атап, экономикалық саясатты жетілдірудегі сараптамалық сүйемелдеудің рөлін ерекшеледі. Ол жаңа Конституция орнықты экономикаға институционалдық негіз қалайтынын, ал Президент тапсырмалары бойынша экономикалық жаңғырту жүзеге асырылып жатқанын айтты.
«Біз Қазақстанның экономикалық дамуында маңызды рөл атқаратын Халықаралық валюта қорымен әріптестігімізді жоғары бағалаймыз. Бұл диалог ХВҚ-ның тұрақты миссиялары, мақсатты кеңестері және мемлекеттік органдарға көрсетілетін техникалық көмегі аясында жалғасып отыр. Ағымдағы миссияның қорытындылары бойынша ұсынымдар еліміздің макроэкономикалық және макропруденциалдық саясатын одан әрі жетілдіру үшін құнды бағдар болады деп сенемін», деді Үкімет басшысы.
Амина Лареш макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мен инфляциялық қысымды төмендету шараларының маңыздылығын атап өтті. Ол Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің үйлестірілген жұмысы қаржы секторындағы тұрақтылықты сақтауға ықпал ететінін айтты.
ХВҚ басшысы Қазақстан экономикасының оң динамикасын, мұнай жеткізіліміне байланысты сыртқы факторлардың тиімді өтемақысы нәтижесінде төлем балансының жақсарғанын, экономикалық саясат пен шешімдердің жүйелі түрде жетілдіріліп жатқанын атап өтті. Ол ақша-несие саясатын оң бағалап, инфляциялық қысымның біртіндеп төмендеп, экономикалық өсудің жоғары қарқыны сақталып отырғанын айтты.
Қор сарапшылары экономикалық өсімнің тұрақты екенін, өңдеу өнеркәсібі, қызмет көрсету, көлік және құрылыс секторларын дамыту шаралары мұнай өндірудің қысқаруын өтегенін атап өтті. Инфляцияны бәсеңдету, салықтық әкімшілендіруді жақсарту, фискалдық саясатты жетілдіру бағыттарында ілгерілеу бар. Инфляциялық тәуекелдерді төмендету және квазифискалдық саясатты жақсарту бойынша ұсыныстар айтылды.
Талқылауға Президент кеңесшісі – Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиев, Қаржы министрі Мәди Такиев, Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин, Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова қатысты.
Кездесу соңында Премьер-министр Амина Лареш пен ХВҚ командасына реформаларды қолдағаны үшін алғыс айтты. Үкімет өзара тиімді әріптестікті нығайтуға бағытталған диалогке ашық. ХВҚ ұсыныстары салалық мемлекеттік органдарда қаралады.

