Спорт

«Оқжетпес» волейбол чемпионатының алғашқы турында көш бастады

Сурет: Нұрпейіс Қонысбай

Әйелдер волейболынан Қазақстан чемпионатының XXXV маусымы аясында Жоғары лига командалары арасындағы I тур аяқталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекеттік жаттықтырушы Нұрпейіс Қонысбайдың айтуынша, бірінші тур қорытындысы бойынша Көкшетаудың «Оқжетпес» командасы көш бастап тұр. Жеті ойында 18 ұпай жинаған оқжетпестіктерден екі ұпайға қалып келе жатқан Шымкенттің «Шымкент» командасы екінші орында. Үздік үштікті 15 ұпайы бар Атыраудың «Хиуаз» командасы түйіндеді. Төртінші сатыда 14 ұпаймен «Жайық» орналасқан.

«Өткен маусыммен салыстырғанда, биылғы турнир кестесінде елеулі өзгерістер бар. Былтыр чемпион атанған „Қайсар“ алғашқы турдан кейін бір ұпаймен соңғы орында тұр. Күміс жүлдегер „Хиуаз“ үздік үштікте. Ал үшінші орын алған Павлодар командасы биыл Ұлттық лигада өнер көрсетіп жатыр. Өткен чемпионатта төртінші орын иеленген Хромтаудың „Алия“ командасы әзірге жетінші сатыда», деді мемлекеттік жаттықтырушы.

Қалған командалар арасында «Астана» 9 ұпаймен бесінші, «Тараз» 6 ұпаймен алтыншы орында. «Алия» 3, «Қостанай» 2 ұпай жинаса, «Қайсар» 1 ұпаймен тоғызыншы орында келеді.

Чемпионаттың келесі туры 8–17 желтоқсан аралығында «Жайық» аренасында өтеді.

Естеріңізге салайық, Көкшетау қаласында волейболдан әйелдер арасында Қазақстан чемпионаты XXXV маусымының алғашқы туры басталған болатын. Бұрымдылар бір апта бойы бақ сынады.

Көп оқылғандар