Басты тақырып

Оман Сұлтаны Қазақстанмен әуе қатынасын жандандыруға ниетті

Сурет: Ақорда

Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саид Қасым-Жомарт Тоқаевқа жылы қарсы алып, табысты келіссөз жүргізгені үшін алғыс білдіріп, қазақ-оман ынтымақтастығының жан-жақты дамып келе жатқанын атап өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Оман Сұлтаны Қазақстанмен ықпалдастыққа айрықша мән беретінін жеткізді. Оның айтуынша, соңғы жылдары екі елдің әріптестігі тың серпін алған. Жоғары деңгейдегі еларалық сапарлар мен Бірлескен үкіметаралық комиссияның жұмысы ынтымақтастықты әлдеқайда нығайтуға мүмкіндік береді.

«Оман Қазақстанмен ықпалдастыққа айрықша мән береді. Соңғы жылдары екі елдің әріптестігі тың серпін алды. Біз мұны құптаймыз. Жоғары деңгейдегі еларалық сапарлар, Бірлескен үкіметаралық комиссия жұмысы ынтымақтастығымызды әлдеқайда нығайта түсуге мүмкіндік береді», деді Оман Сұлтаны.

Хайсам бен Тариқ Әл Саидтың пікірінше, Оман Қазақстанмен энергетика, тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, азық-түлік қауіпсіздігі, көлік-логистика, қаржы қызметтері, туризм, технология және жасанды интеллект секілді көптеген секторда инвестициялық ықпалдастықты жолға қоюға айтарлықтай әлеует бар деп санайды.

«Біз дербес инвестициялық институттарымыздың, жеке сектор мен арнайы мемлекеттік құрылымдардың мүмкіндіктерін ұштастыратын жобалардың жүзеге асырылуын құптаймыз. Елеулі маңызға ие саланың бірі – көлік байланысы. Қазақстан Азия мен Еуропаны жалғайтын жаһандық сауда дәліздерінің бойында стратегиялық тұрғыдан ұтымды орналасқан. Ал Оман Шығанақ, Үнді мұхиты, Азия және Африка елдерінің басты нарықтарына төте шығатын теңіз жолдарын қамтамасыз етеді. Бір-бірін толықтыратын осы артықшылықтарымыз екі елдің өсіп-өркендеуіне ықпал етіп, пайдаға кенелтері анық. Сондықтан көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға, соның ішінде Оман порттары арқылы сауда дәліздерін бірлесе дамытуға және елдеріміздің арасындағы әуе қатынасын жандандыруға ниеттіміз», деді Оман Сұлтаны.

Хайсам бен Тариқ Әл Саид Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты өзіне қолайлы кез келген уақытта Оманға сапармен келуге шақырды.

Айта кетейік, Президент мәртебелі мейманға ілтипат білдіріп, Оман Сұлтанының Қазақстанға жасаған бірінші сапарының маңызды оқиға екенін атап өтті.

Көп оқылғандар