Сурет: istockphoto.com
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде шетелде жылдам жұмыс табуды ұсынатын жарнамалар көбейді. Осыған орай Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитеті азаматтарды алаяқтарға алданып қалмауға шақырды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ведомствоның дерегінше, мұндай ұсыныстардың көпшілігін шетелдік делдалдар мен сенімсіз ұйымдар таратады. Олар Қазақстанда тіркелмеген және заң шеңберінен тыс әрекет етеді.
Мамандардың пікірінше, оңай пайда табуға ұмтылу қаржылық шығынға, құқықтық кепілдіктердің жоқтығына және шет елде қиын жағдайға душар болуға әкелуі мүмкін. Мұндай схемаларды ұйымдастырушылардың басым бөлігі Қазақстаннан тыс жерде болғандықтан, зардап шеккен азаматтардың құқықтарын қорғау қиынға соғады.
Сондықтан министрлік өкілдері азаматтарды интернеттегі кездейсоқ хабарландыруларға сенбеуге және күмәнді рекрутерлерге ақша аудармауға үндеді.
Ведомство шетелде қауіпсіз жұмысқа орналасу үшін тек ресми аккредиттелген операторлардың қызметіне жүгінуді ұсынады. Бұған қоса жұмыс беруші мен делдалдың құжаттары мен қажетті рұқсаттарын алдын ала мұқият тексеру қажет.
Мазмұнға өту
